Спортшыларымыз жемісті еңбек етуде

Өткен ғасырдың 1974 жылынан бастап жас өскіндерді шымыр болуға баулып жүрген «Индер балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» ұжымы өздерінің кәсіби мерекелеріне ерекше жетістікпен жетіп отыр.

Олай дейтін себебіміз осы бапкерлері дайындаған бірнеше түлек аудан, облыс, республика атын шығарып қоржынды алтынға толтырып жүр. Мектеп директоры Мәлік Биғамбаевтың сөзінен ұққанымыздай, бүгінгі таңда мектепте еркін күрес, дзюдо, волейбол, самбо, бокс, тоғыз құмалақ, футбол сынды спорт түрлерінен құралған 72 топта 1116 жасөспірім жаттығады екен. Ал оларға 28 бапкер дәріс беретін көрінеді.

Соңғы кездері жас өскіндердің спортқа деген ынталары артып келеді. Өткен жылдан бастап облыстық спорт басқармасының теңгеріміне өткен оқу ордасында қиындық жоқ десек, қателескен болар едік.

-Шыны керек, мектептің материалдық базасын жаңғырту көңіл көншітпейді. Атап айтқанда доптан бастап спорттық киім үлгілерінің тозығы жеткен. Қанша жерден сұраныс берсек те жеткілікті дәрежеде қанағаттандырылмай келеді. Алынған керекжарақтардың сапасы сын көтермей жатады. Оған бір жағынан мемлекеттік сатып алу туралы заңның өз әсері бар. Өйткені тендерге қатысқан мердігер мекемелер тауарды арзан бәске әкеліп береді. «Арзанның құны татымас» демекші, әкелінген заттар бірден пайдасыз болып жатады. Сондықтан да бұл заңды қайта қарау керек секілді. Қазір ауылдық жерлерде жаңадан спорттық сауықтыру кешендері салынып, пайдалануға берілуде. Алайда сол Өрлік ауылында ашылған спорттық мекенде әлі күнге дейін бапкерлерге арнап штат бірлігі қаралмай отыр,-дейді директор.

Дегенмен, директор жағымды жаңалығымен де бөлісті. Мәселен, 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткен облыстық бәсекеге қатысқан Еламан Өмірзақов, Бекнұр Қойшыбаев, Ғибрат Раш, Әди Әлихан есімді өрендер алтыннан алқа тағып, алдағы күндері Алматы қаласында өтетін республикалық чемпионатқа облыс намысын қорғау үшін аттанады.

Иә, мектеп өздерінде жаттығатын әрбір баладан үлкен үміт күтеді. Өйткені мұндағы жаттықтырушылардың қай-қайсысы болмасын өздерінің бойындағы қарым-қабілеттерін шәкірттеріне дарытуда. Сол үміттің ақталуына біз де тілекшіміз.

С.ЕРСАЙЫНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT