- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 8
«Әділет» партиясының жастар қанаты еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын «Жасампаз AI» республикалық жобасын іске қосты. Жобаға шалғай ауылдардың тұрғындарын қоса алғанда, 270 мыңнан астам адамды тарту жоспарланып отыр. Қатысушылар цифрлық сервистер мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануды, түрлі контент жасауды және өз жобаларын әзірлеуді үйренеді.
«Жасампаз AI» жобасы – «Әділет» партиясының Президент Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру бағытындағы жұмысының бір бөлігі. Жоба халықтық цифрлық экономиканы дамытуға және заманауи технологияларды азаматтарға қолжетімді етуге бағытталған.
Партия сайлауалды бағдарламасында кемінде 5 миллион қазақстандыққа жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын үйретуді көздеген. «Жасампаз AI» осы міндетті іс жүзінде орындауға арналып отыр. Бұл ретте ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінеді. Мақсат – заманауи технологиялар мен білім алу мүмкіндіктерін тұрғылықты жеріне қарамастан, баршаға қолжетімді ету.
Алғашқы іс-шаралар Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында өтті. Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған «Халыққа арналған цифрлық кеңседегі AI» шеберлік сабағында қатысушылар заманауи мемлекеттік қызметтермен танысты. Жастар халыққа қызмет көрсету орталықтарында цифрлық қызметтерді өз бетінше алуды, соның ішінде арнайы терминалдар арқылы жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуді үйренді.
«Жастар Рухы» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғали мұндай сабақтар жастардың цифрлық технологияларды күнделікті өмірде еркін пайдалануына көмектесетінін атап өтті.
«Шеберлік сабағында жастар мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алудың тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде меңгерді. Бүгінде көптеген қызмет автоматтандырылған. Мысалы, құжат рәсімдеуге арналған жаңа терминалдар уақытты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жастарға осындай технологияларды меңгертіп, оларды күнделікті өмірде еркін қолдануға көмектесу», – деді жастар қанатының өкілі.
Шымкентте қалалық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырылған ЖИ-ді бизнес, медицина және технологиялық әзірлемелер салаларында қолдану мүмкіндіктеріне арналған форум өтті. Қатысушылар стартаптар мен машиналық оқытуды дамыту мәселелерін талқылап, MedTech Startup Battle байқауы мен Decentrathon хакатонында өз жобаларын таныстырды.
Форумға қатысқан Арлен Асылбекұлының айтуынша, алған білімі жастарға сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және өз бастамаларын дамытуға көмектеседі.
«Біз жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде, оқуда және жұмыста қолдануды тәжірибе жүзінде үйрендік. Мұндай білім жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, жаңа мамандықтарды игеруге және болашақта өз кәсібін ашуға көмектеседі деп ойлаймын. Сондықтан осындай оқыту шаралары біз үшін өте пайдалы», – деді ол.
«Жасампаз AI» жобасы үш бағыт бойыншажүзеге асырылады.
AI Academy аясында 50 мыңнан астам жас білім алады. Қатысушылар жасанды интеллектінің көмегімен мәтін, сурет, презентация және бейнеролик жасауды, сондай-ақ цифрлық сервистер мен мобильді түсірілім құралдарын пайдалануды үйренеді.
AI Challenge 20 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді. Олар алған білімдерін шығармашылық және технологиялық жобаларды әзірлеуде қолдана алады. Байқаудың 20 өңірлік және бір республикалық кезеңін өткізу жоспарланған.
AI Ауылға бағыты ауыл тұрғындарының цифрлық дағдыларын дамытуға арналған. Оқыту Қазақстанның мыңнан астам ауылындағы 200 мыңнан астам мұғалім мен оқушыны қамтиды. Қатысушыларға жасанды интеллектіні, онлайн сервистер мен білім беру платформаларын оқу барысында және күнделікті өмірде қолдану жолдары үйретіледі.
Алдағы уақытта «Әділет» партиясының жастар қанаты еліміздің барлық өңірінде оқыту сабақтарын, тәжірибелік шеберлік сабақтары мен технологиялық байқауларды кезең-кезеңімен өткізуді жоспарлап отыр.
«Жасампаз AI» жобасы цифрлық дағдыларды үйретуді, жастардың технологиялық бастамаларын қолдауды және заманауи білім алу мүмкіндіктерін, соның ішінде ауылдық жерлерде де кеңейтуді көздейді.
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 12
«Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты бірқатар түсініктеме беруді қажет деп санаймын. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуде. Барлық мән-жайлар жүргізіліп жатқан тергеу аясында анықталуда. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс. Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды. Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады. Сонымен қатар орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санаймын. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттарына бейілділігін растайды. Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала береді. Біз инвесторларымыз бен кредиторларымыздың сенімін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 18
AI-Sana ұлттық бағдарламасы шеңберінде Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университеті жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласы мен оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда. Солардың негізгі бағыттарының бірі – дәрігердің интеллектуалды көмекшісін әзірлеуге арналған AiMed Voice жобасы.
Жобаның бастапқы міндеті дәрігер мен пациент арасындағы диалогтарды автоматты түрде өңдеу және құрылымдау технологияларын әзірлеу болды. Бұл медициналық құжаттаманы жүргізу кезінде медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, пациенттерді тікелей тексеруге және клиникалық шешімдер қабылдауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Университеттің оқытушылары мен студенттерінен құралған пәнаралық команда дәрігер көмекшісінің жұмыс істейтін прототипін жасап үлгерді.
Әзірлеушілер ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Медициналық ақпарат қатаң бақылауды қажет ететіндіктен, жоба зерттеу және эксперименттік форматта жүзеге асырылуда. Оны клиникалық тәжірибеге толық енгізу үшін алдымен сенімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты барлық қажетті тексерулерден өтуі тиіс.
Зерттеулер барысында команда жасанды интеллект негізінде медициналық білім беруге арналған «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеу бағытын да айқындады. Модельденген цифрлық ортада студенттер науқастың анамнезін жинау дағдыларын жетілдіріп, клиникалық ойлау қабілетін дамытады және оқу сценарийлері негізінде шешім қабылдауды үйренеді. Бұл ретте жоба нақты пациенттердің жеке деректеріне қол жеткізбей, тек синтетикалық деректерді пайдалануға бағытталған.
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 15
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің Экологиялық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Сарапшылар талқылауының негізгі тақырыбы қалдықтармен жұмыс істеудің барлық тізбектерінің тиімділігін арттыру болды. Комиссия жұмысына Ерлан Нысанбаев пен Табиғат Зейнұлқабден қатысты.
Күн тәртібінде қалдықтарды жинау және шығару жүйесінің жай-күйі, полигондардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту, сондай-ақ олардың қозғалысын цифрлық есепке алу мәселелері қаралды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзілген. Оның 1,5 млн тоннасы немесе 30,7%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылған. Сонымен қатар еліміздегі 2 911 полигонның тек 577-сі (19,8%) ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.
Алайда комиссия төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл полигондардың өзі де мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қосымша талдау мен жүйелі пысықтауды қажет етеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі қалдықтарды жинау және шығару инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз деңгейде болғаны, сонымен қатар көп жағдайда құрылыс қалдықтарынан тұратын рұқсат етілмеген стихиялық қоқыс үйінділері санының көбеюі алаңдаушылық туғызады.
Атырау облысындағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Ерлан Нысанбаев өңір өкілдерінен жыл сайын өртке ұшырайтын жергілікті полигонның жай-күйі туралы ақпарат сұрап, бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін атап өтті. Осы проблемаларды шешу үшін ол әкімдіктер мен бейінді ведомстволарды бірлескен жұмысты жандандырып, Президент тапсырмаларын орындау аясында арнайы жобалардың тетіктерін пайдалану қажеттігіне тоқталды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен бейінді мемлекеттік органдардың ақпараты бойынша, қалдықтарды қайта өңдеу саласында мақұлданған 71 жобаның 34-і қаржыландырылған, ал 12-сі пайдалануға берілген.
Отырысқа қатысушылар қалған кәсіпорындардың іске қосылуына кедергі келтіріп отырған себептерді де талқылады. Олардың қатарында қаржыландыру, қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру, зауыттарды шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету және дайын өнімді, оның ішінде қайталама шикізатты өткізу мәселелері бар. Өңірлердің бұл жұмысқа тартылу деңгейі біркелкі емес екені атап өтілді. Осыған байланысты алдағы кезеңде қалалар мен ауылдарға сараланған тәсілді енгізу жоспарланып отыр.
Цифрландырудың табысты үлгісі ретінде Астана қаласында қалдықтардың қозғалысын есепке алу мен бақылауға арналған ақпараттық жүйенің пилоттық жобасы таныстырылды. Сарапшылар оны ауқымдау және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қоқыс шығаратын компаниялардың арнайы техниканың қозғалыс бағыттары, шығарылған және сұрыпталған шикізат көлемі туралы деректерді жүйеге енгізу міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігін атап өтті.
ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов та практикалық тәжірибесімен және ұсыныстарымен бөлісті. Ол халықты жүйелі ақпараттандырмай, орнықты экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды тиімді бөлек жинау жүйесін жолға қою мүмкін еместігіне назар аударды. Спикер табысты тәжірибе ретінде ECO Network жұмысының нәтижелерін атап өтті. Алматы қаласында бастау алған бұл бастама сегіз жыл ішінде Қазақстанның 10 қаласын қамтып, бір реттік акциялардан экологиялық ағарту жұмыстарының толыққанды жүйесіне айналған.
Отырысқа бейінді министрлікпен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өңірлік жобалық дирекциясының өкілдері, «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшылығы және ECOJER қауымдастығының (Қазақстанның өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы) өкілдері қатысты.
Қостанай, Атырау және Жетісу облыстары әкімдіктерінің өкілдері баяндама жасап, өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Өзге өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері отырысқа онлайн форматта қосылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мүшелеріне жергілікті атқарушы органдармен және экологиялық бірлестіктермен бірлесіп, көтерілген мәселелерді жан-жақты пысықтау тапсырылды. 20 қарашаға дейін қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірлеу қажет.
Аталған құжат Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің кеңейтілген отырысының қарауына ұсынылады.
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 14
Инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған маңызды міндеттердің қатарында. Бұл бағыттар «Әділет» партиясының мүшелері Абылай Құрметұлы мен Олег Шмальдың «Атырау жылу жүйелері» ЖШС ұжымымен кездесуінде талқыланды.
Жиында аталған міндеттердің өңір үшін маңызы сөз болды. Қаланың жылумен тұрақты қамтамасыз етілуі жылу желілерінің үздіксіз жұмысына және сала мамандарының кәсіби еңбегіне тікелей байланысты екені атап өтілді.
– Мемлекет басшысы Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту мен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға басымдық берді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жылу жүйесінің сенімді жұмысы мен сала мамандарының жауапкершілігі маңызды, – деді Абылай Құрметұлы.
Кездесуде кәсіпорын қызметкерлері салаға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ коммуналдық қызмет сапасын арттыру мен жылу инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 16
Италияда «Coalesce Research Group» ұйымдастырған Ғылым және инженерия жөніндегі 15-халықаралық конференцияға онлайн қатысқан жас зерттеушілеріміз кезекті жетістіктерін қанжығалады.
Атыраудағы NIS оқушылары Италия, Эфиопия, Үндістан, Чехия, Қытай және Қазақстан елдерінен келген зерттеушілермен, профессорлармен және ғылым докторларымен қатар бақ сынады. Ал, қорытынды көңіл қуантады:
🥇 «Үздік ауызша баяндама» атауы: Әлихан Төреболат пен Асқар Қарақат;
🥇 «Үздік ауызша баяндама»: Жанабай Дарын мен Мұханов Мерей;
🥇 «Үздік постерлік баяндама» аталымы Бейбарыс Қайсаның жеңіс қоржынында! Жас зерттеушілерімізге бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен ұйымдастырушылар мен жетекшілерге алғыс білдіреміз!
Барлық қатысушыларға жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз! Ғылым жолындағы ізденістеріңіз жалғасын тауып, жетістіктеріңіз әлемге танылсын! 🌟
#NIS #NISAtyrau #ғылымиконференция #ҚазақстанSTEMИталия



