Атырауда пайдалануға берілген “Келешек” мектептерінің ерекшелігі неде

Атырау қаласында Жұлдыз-3 шағынауданында және Ақсай-2 ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №49 және №51 жаңа жалпы білім беретін мектептер пайдалануға берілді. Әр білім ордасы 900 оқушыға арналған.

Мектептердің ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Қайрат Нұртаев пен Дарын Шамуратов, сондай-ақ Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкин қатысты. Ресми тұлғалар мектептердің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу үдерісіне жасалған жағдайларды көрді.

Жаңа мектептер өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге және қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Оқу үдерісі бір ауысымда ұйымдастырылады. Әр мектепте 36 сынып бар, бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспайды.

Үш қабатты ғимараттардың жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, медициналық блоктар, 255 орындық асханалар, спорт залдары және 206 орындық акт залы-кинолекторийлер қарастырылған. Педагогтер үшін коворкинг аймақтары жабдықталған.

Мектептер STEM-зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен, IT-сыныптармен және шығармашылық шеберханалармен қамтылған. Сондай-ақ инклюзивті білім беруге толық бейімделген: пандустар, лифтілер және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы кабинеттер бар.

Мектеп аумақтарында ойын және спорт алаңдары, жасанды жабыны бар футбол алаңдары, сондай-ақ жаппай іс-шаралар мен демалысқа арналған аймақтар орналастырылған.

Жаңа білім беру нысандарының ашылуы өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып, оқушылар үшін қолайлы әрі тең жағдай жасауға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT