Біз әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік.
Азаматтарымыз білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты.
Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті.
Биыл біз «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетті және осы саясат ұзақмерзімді стратегиялық сипатқа ие болды. Еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілді.
Адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болмақ. Өз кәсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайды.
Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады.
Бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз.
Енді, міне жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз. Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз «Жылқы жылы жайлы болады» деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар.
t.me/aqorda_resmi


