“Келешек мектептері” заманауи білімге жол ашуда

Атырау қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасып келеді. Соның айқын дәлелі – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында қолға алынған ауқымды құрылыс жобалары. Аталған жоба өңірдегі мектеп тапшылығын азайтуға, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге, сондай-ақ оқушыларға заман талабына сай, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жоба шеңберінде Атырау қаласында барлығы 6 жаңа мектеп салу көзделген болатын. Бүгінгі таңда соның 4-еуі толықтай пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдауда. Атап айтқанда, Береке және Водник шағынаудандарында әрқайсысы 1 200 орындық заманауи үлгідегі мектептер есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Сарыөзек шағынауданында 300 орындық, ал Жұлдыз-2 шағынауданында 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие нысандарға айналды.

Қазіргі уақытта Жұлдыз-3 және Ақсай-2 шағынаудандарында салынған 900 орындық екі мектеп қабылдап алу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл білім беру ұйымдары жақын арада толық іске қосылып, жаңа оқу орындарына мұқтаж мыңдаған оқушыны қамтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қала аумағында тағы 6 мектеп пен 4 жапсаржайдың құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл нысандардың пайдалануға берілуі қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтып, білім беру сапасын арттыруға оң ықпал етпек.

Сонымен қатар, биылғы оқу жылының үшінші тоқсанында Ақ шағала шағынауданында 2 000 орындық “BINOМ” инновациялық мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған мектеп заманауи білім беру стандарттарына толық сай жабдықталып, цифрлық технологиялар, зертханалар, шығармашылық және спорттық бағыттағы кеңістіктермен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба өңірдегі инновациялық білім беруді дамытуға тың серпін беріп, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасайды.

Жалпы алғанда, Атырау қаласында жүзеге асырылып жатқан жаңа мектеп құрылыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалыптастырып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT