«Құрметті қазақстандықтар! Өтіп бара жатқан 2025 жыл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары мен міндеттерін іске асыру тұрғысынан біздің Министрлік үшін өте жауапты жыл болды.
Ең алдымен, өтіп бара жатқан жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалғанын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда республикалық бюджет қаражаты есебінен мөлшері жыл сайын индекстелетін базалық және ынтымақты зейнетақыларды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеуге 4,6 млн-нан астам адам үшін шамамен 5,9 трлн теңге бағытталды, оның ішінде 2,5 млн-ға жуық зейнеткер мен 2,1 млн-нан астам мемлекеттік жәрдемақы алушы бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 110%-ға дейін арттырылды. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен ұлғаюда, ол 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жұмыспен қамтылған халықтың 65%-ы қатысуда.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға дейін төмендетуге ықпал етті, бұл ретте еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас маман шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жыл басынан бері 820 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 296 мыңға жуық адам қамтылды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын 9 239 азамат жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК мөлшерінде грант алды. Оқыту және кәсіптік бағдарлау түріндегі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен 478 мыңнан астам қазақстандық қамтылды.
Биыл субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтетін өзгерістер нормативтік құқықтық актілерге енгізілді. Жаңартулар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне және жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысатын азаматтарды нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шеңберінде 2025 жылы 1,1 мыңнан астам мамандықты қамтыған 132 кәсіптік стандарт әзірленді және өзектендірілді, оның 600-і – жұмысшы мамандықтары. Бұл келешекте еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл өндірістік жарақаттану деңгейін 6,5%-ға және өлім-жітімді 4,5%-ға төмендетуге қол жеткізілді», – делінген Светлана Жақыпованың үндеуінде.


