Афанасьев бекетінде медициналық пункт ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданы Мақаш ауылдық округіне қарасты Афанасьев бекетінде  медициналық пункт ашылды.

Жаңа ғимараттың ашылуына аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, медицина қызметкерлері мен ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. 

Афанасьев бекеті аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 208 тұрғын өмір сүреді, олардың төрттен бірі – балалар. Жаңа медициналық нысан халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Мұнда 1  орта буындағы медицина қызметкері, 1 санитариялық қызметкер, күзетші, оператор жұмыс жасайды.

Медициналық пункт дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған. Мұнда тұрғындар ем-шаралар мен қабылдау бөлмесінде қажетті медициналық қызмет ала алады.

- Жаңа медициналық нысан заманауи талаптарға сай медициналық кабинеттермен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған физиотерапия, екпе, акушерлік кабинет, қақырық талдау бөлмесі, процедуралық кабинет, дәріханасы бар фельдшер кабинеті, тіркеу бөлімі, информатизация кабинеттерімен толықтай жабдықталған. Ғимарат ауыз су құбыры мен кәріз жүйесіне қосылған,-дейді аудандық орталық аурухананың директоры Саида Зулкашева.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев: - Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 18 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Ауданымызға қарасты жоспарланған нысандар біртіндеп халық игілігіне ұсынылуда.

Өңірде шалғай ауылдарды медицина мамандарымен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыс бюджеті есебінен ауылдық жерлерге келген әр медицина қызметкеріне 10 миллион теңгеге дейін бір реттік көтерме төлем беріле бастады. Бұл шара білікті мамандарды тартуға және ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның ашылуы – ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам- деді.

Медициналық пункт облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынды. Мердігер мекеме-“Декор” ЖШС

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT