Отаншылдық рух оты лаулады

Атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «Отан деген-біздің халық! Ендеше, өзің үшін, елің үшін аянбай еңбек істе, өнерге жетіл, бейнетке ысыл, сонда қор болмайсың.

Отан үшін отқа түс-күймейсің»,-деп әрдайым жауынгерлердің намысын  қайраған екен.

Сол бір өлмес ерлік дәстүрді, патриоттық биік сезімді жастар бойына сіңіруге, әскери өмірге дайындауға барлық саналы ғұмырын арнаған «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» ұстаз, капитан Мәулет Тілекқабылұлы Қарасаевтың есімін әрбір индерлік ерекше қадірлейді.

Оған арналып, жастар арасында ұдайы әскери-патриоттық тақырыптағы шаралар өтіп тұрады. Осы жолы бұл әскери-патриоттық клубтар сайысы  Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына арналып, Индербордағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте облыстық деңгейде өткізілді.

Ашылуда барлық өмірін ұстаздыққа, жастар тәрбиесіне арнаған, бүгінде 90 жасқа толып отырған азаматтың тағылымды өмірбаяны оқылып, алғашқы шәкірттерінің бірі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Мереке Ибрашева, облыстан келген әріптес інісі, облыстағы  запастағы әскерилер одағының төрағасы  Рустем Куртиев, ардагер Ғайни Габдуллина, шәкірттері Ерболат Шамшенов, Игілік Қанатов сыр тиектерін ағытып, ұлағатты жолын үлгі етті.

Ұстаз тәрбиелеген ұландар «Орленок», «Зарница» ойындарында ауданда ғана емес, облыста ұдайы бас жүлдені иеленіп, республикада талай Атырау намысын қорғаса, одақта Қазақстанның атына кір келтірмегені бүгінде аңызға айналды. Ал Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге аттанған жастар да сан биіктерді бағындырып елге үлкен абыроймен оралғаны өз алдына бөлек әңгіме.

Сайысқа оралсақ, әуелі Атырау, Махамбет, Мақат, Қызылқоға және Индербордан келген қос әскери-патриоттық клубы мүшелері көпшілік алдында сапта жүрумен жаттығуларын бастады.

Барлығы бірдей әскери киінген қыз бен жігіттердің ширақ басқан адымдары, бірнеше қимылды лезде жасау жағынан Мақат пен Индер колледждері және          Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп өзгелерінен көш ілгері екендіктерін танытты. Бір айтары, осы ұстаздың өзі сабақ берген Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептегі топтың командирі Нұрсәнгүл Ермекқали, ұлдардан мақаттық Асылбек Нұржанов сапты шебер басқарып, дараланды.

Әскери жаттығу АКМ қаруын бөлшектеп жинауда, ұлдардан қалыспай қыздар жағы ерекше ептілік танытып, көпшілікті таң-тамаша қалдырды. Мұнда Индер колледжі студенті Айжан Нұрлан мен Нұрсәнгүл Ермекқали (Ш.Уәлиханов), Дильнәз Латифова (Махамбет) озып шықты.

Ұлдардан Ақжол Маратов (Индер), Әділет Есенжанов (Махамбет), Нұрбақыт Қуанышев (Ш.Уәлиханов) жылдамдық танытты. Сол секілді оқжатармен жұмыста Әнуар Мұратов (Индер), Алмат Шыңғазиев (Атырау), Нұрсәт Орынғали (Қызылқоға) епті болды.

Қыздардан Хадиша Ислямғалиева (Индер), Диляра Хамит (Атырау), Екатерина Ларионова (Ш.Уәлиханов) жылдамдық танытты. Ал граната лақтыруға келгенде негізінен  ұлдар қайраттылық көрсетті.

 Сол секілді химиялық сақтану киімдерін киюде де колледж, Атырау, Ш.Уәлиханов оқушылары алға шықты. Нысана көздеуден Қадірбек Аманжолов (Ш.Уәлиханов), Мәди Маңғыстауов (Атырау), Азат Паменов  (колледж), қыздардан Жансая Абдолова  (Махамбет), Хадиша Ислямғалиева (колледж), Диляра Хамит (Атырау) үздік шықты.

Мұнда әскери-патриоттық клуб мүшелері кір тасын көтеру, кермеде тартылу, тағы да басқа спорттық сайыс түрлерінен де сайысты.

Жалпы тартысты өткен сайысты қорытындылаған аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Бисенбаев ұйымшылдық танытқан Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің командасы (Абзал Бижанов) бас жүлдені даусыз жеңіп алғанын мәлім етті.

Ал одан кейінгі орындарды Ш.Уәлиханов, Махамбет ауданындағы Сартоғай орта мектебі мен Атырау кіші өнер академиясы командалары бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы медальдар мен дипломдар, сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің шәкірттері атынан төрт сайыскерге сертификаттар берілді.

Бұл облыстық  әскери-патриоттық сайысқа қатысушылардың барлығына дерлік арнайы сыйлықтар ұсынылып, еліміздің Әнұраны асқақтай шырқалып,  биік отаншылдық сезім мен өшпес рух атақты өлеңде айтылатындай білім ордасындағы партадан басталатынын айқын таныта қорытындыланды.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT