ТІРЕК-ҚИМЫЛ АППАРАТЫ ЗАҚЫМДАНҒАН ЖӘНЕ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ ТӨМЕН СПОРТШЫЛАР АРАСЫНДА ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА АЯҚТАЛДЫ. АТАЛ - МЫШ ДОДАДА ИНДЕРЛІК СПОРТШЫЛАР ДА БАҚ СЫНАП, ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ.
Атап айтқанда Райымбек Нечаев, Айтөре Тәженов, Эльмира Алауова, Шынар Нұрғалиева, Оқас Мейрамбек, Бергенбай Нұрхан ядро итеру, диск және найза лақтыру, 100 метрге жүгіру сынды сайыстардан жүлделі орын алып, жоғары нәтиже көрсетті.
Нәтижесінде Райымбек Нечаев F46 санаты бойынша диск лақтырудан спорт шебері нормативін орындады. Ол бұл сында ядро итеру және диск лақтырудан І орынды жеңіп алса, найза лақтырудан ІІІ орынды иеленген болатын. Сондай-ақ Бергенбай Нұрхан F42 санаты бойынша диск лақтырудан спорт шеберіне үміткер нормативін орындады. Ол ядро итеру, диск лақтыру және 100 м жүгіруден І орын ұтып алды.
– Облыстық сайыста ауданнан Бергенбай Нұрхан екеуміз өз санатымыз бойынша белгіленген нормативті орындап, облыс командасының сапына алындық. Бұйырса ертең облыста өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысатын боламыз. Маусым айының ішінде Алматы қаласында өтетін республикалық спартакиадада бақ сынаймыз, – дейді аудандық мүгедектер спорт клубының жетекшісі Райымбек Нечаевты сөзге тартқанымызда.
С.БАЗАРБАЕВ