Кабинетте дайындалған заң күнде өзгереді

Алдына ауыл мен ондағы шаруашылықты көтеру міндетін қойып отырған  «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облысы бойынша филиалының басшысы Қадіржан  Бақтығалиұлы Арыстанның аудандағы әріптестерімен кездесуі өтті.

Кездесуді аудандағы бастауыш ұйымның төрағасы Керімбай Сабырғалиев ашып, аудандағы саяси партияның жұмыс бағыттарын, мүшелерінің құрамын таныстырған соң сөзді облыстық қонақ алды.

Облыс бойынша 672 мүшесі бар филиал жетекшісі әуелі партияның бүгінгі таңда алдына қойып отырған негізгі мақсаттары мен атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Жолдау мен «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында» қойылған міндет-баспана алу, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту, студенттерді жатақханамен қамту, шағын несие беру, газбен қамтуды жетілдіру жұмыстарының қай-қайсысын да қолдайтындығын, осы бағыттағы жұмыстарға үлес қосудың маңыздылығына тоқталды.

Осы негізде партия өз тараптарынан ауыл шаруашылығы  саласындағылардың заңдық-құқықтық сауатын жетілдіруге көмектесу үшін адвокаттар қауымдастығымен шартқа отырып, аптасына бір сағат тегін кеңес беруге қол жеткізгенінен хабардар етті.

«Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың қолға алып жатқан бастамалары, Үкіметке жолдаған сауалдары, ауылдағы дәстүрлі өмір салтын дәріптеп, әлеуметтік, рухани мәселелерді көркем шығармалар арқылы көпшілікке ұсыну мақсатында «Ауылым-алтын тұғырым» әдеби-онлаин байқауын ұйымдастырып келе жатқандығын, бұл бағытта үш жанр бойынша шыққан үш томдық кітапты облыстық кітапханаға табыстағанын әңгімеледі.

Дегенмен саланы қаржыландыру 2000 жылдардағы 13 млн-нан бүгінде 4-5 млрд. теңгеге дейін жеткенімен елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың әлі жеткіліксіздігін, бірқатар заңдардың ауылдық жерде толық жұмыс істеуіне қол жетпей отырғандығын да жасырмады.

Ауыл шаруашылығынан гөрі назар агробизнеске көбірек ойысып кетіп жатқанын да ашық айтты. Заңдардың нақты мәселені талқылап, әр саладағы жинақталған тәжірибені ескермей кабинеттік жүйеде дайындалып, кейін кері өзгеріп жататынын да жасырмады.

Сондықтан да алдағы уақытта партия осы істерге белсене араласып, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен несиелерді барынша қолжетімді етуге жұмыстану қажеттігін алға тартты.

Сөз алған ауыл шаруашылығы  саласының мамандары мен басшылары партия мүшелері Ербол Бөкеев,Сатыбалды Оразғалиев, Саттар Құлбаев, Абай Әбдіров, тағы басқасы субсидияның көлемі өзгермесе де оның ішіндегі талаптардың жиі ауысуы, кепілдік мүліктің болмауы, шағын қожалықтардан гөрі ірілерді қолдауға бағыт ұсталынуы, кадр жетіспеушілігі, жалақының төмендігі, құрғақшылық, «Бағырлай», «Ақсай», «Құрайлы сайдағы» судың тапшылығы мәселелерін заң шығарушы мен атқарушы органдарға дейін жеткізу мәселелерін көтерді. Қойылған сұрақтар мен пікірлер бойынша төрағаның өзі жауап беріп, кездесуді қорытындылап, жаңаша жұмыс істеуге шақырды.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT