Аудандық өлкетану музейі жақында көне дәуірдегі ірі жануардың жауырын сүйегімен толықты.
Ұзындығы 60 см болатын сынық күйіндегі ежелгі сүйекті Бөдене ауылының тұрғыны Шамил Карин тапсырыпты.
- Жазды күні әдеттегідей ауыл тұсынан балық аулауға барғанмын. Жайықтың жағасынан шығып қалған ерекше дүние көзіме оттай басылды. Көлемі де едеуір екен. Балшығын суға шайып кетіргенімде кәдімгі үлкен жануардың сынған жауырын сүйегі шықты. Содан үйге әкеліп қойғаныммен кейін аудандық музейге тапсыруды ұйғардым, - деді Шамил Сергейұлы сөзге тартқанымызда.
Алдыңғы жылы да аудан көлемінен ұзындығы метр, салмағы 26 келі болатын көне жануардың сүйегі табылып, бүкіл елге әйгілі болған еді. Оны Есбол ауылының тұрғыны жағадан тауыпты. Ол сүйек біздің Каспий өңірінде мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп, мұз дәуірінде жойылып кеткен піл тұқымдас мамонттың сүйегі екені белгілі болды. Әрі облыстық өлкетану музейіне қойылғаны бұқаралық ақпарат құралында жазылды.
– Облыстық музей қорында мамонттың бірнеше сүйектері бар. Бірақ осы бір бөлігі жетпей тұрған. Табылған жәдігердің арқасында біз келешек үшін мамонттың қаңқасын жасап шығаруды жоспарлап отырмыз деген болатын, - сонда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Аудандық өлкетану музейінің директоры Майгүл Жалғасбаеваның айтуынша, жаңа тапсырылған көне жәдігер облысқа зерттеуге жіберіліп, сараптамалық комиссиядан өткен соң экспозициялық көрмеге қойылады. Ал жәдігерді музейге тапсырған адамға зерттеу нәтижесіне сәйкес тиісті ақысы төленетін болады.
Сонымен қатар аудандық музей қорында бұған дейін де мамонттың жауырыны мен ортан жілігінің сүйегі музей жәдігері ретінде орын алғанына куәсіздер. Көне дәуір олжаларының ғылыми тұрғыдан баға жетпес өте құнды жәдігерлер екені талас туғызбайды. Қайткенде де мұндай жәдігерлерге ғылыми түрде зерттеу жасап, содан соң қорытынды жасаған жөн-ау...
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ