Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агросекторды дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашады.
Соңғы жылдары жастардың да ауыл шаруашылығына бет бұра бастағаны қуантады. Соның жарқын мысалы – «Абдолла» шаруа қожалығы. Жас кәсіпкер Нұрбек Құрбанов құрылыс саласынан кейін егін шаруашылығына ден қойып, қысқа уақыт ішінде облыс көлеміне өнім тарататын деңгейге жетті. Оның айтуынша, бүгінде шаруашылықта картоп, жуа, сәбіз және өзге де дақылдар егілуде.
Еңбектің қиындығына қарамастан, жас шаруа табандылық танытып отыр. Қожалықта қарапайым егіншіден бастап агрономға дейін лайықты еңбекақы төленеді. Алайда жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмысқа келмеуі – саланың өзекті мәселелерінің бірі болып тұр.
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығының жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жастардың осы салаға тартылуын қолдау қажеттігі айтылды. Бұл – аграрлық саланы дамытып қана қоймай, жас буынның ел экономикасына қосар үлесін арттыратын маңызды қадам.
«Абдолла» шаруа қожалығы сияқты еңбекқор жастардың бастамалары ауылдың еңсесін көтеріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосары сөзсіз.
Сұңқар Көшеков
журналист