Индер ауданы Жарсуат ауылдық округіне қарасты Мәтеш учаскесіндегі ер адам мал іздей шығып, қайта оралмаған.
Кейін белгілі болғандай марқұм Бөдене ауылының 1972 жылғы Н.А есімді тұрғыны болып шықты. «Асыл-Агро» ШҚ-да қызметте жүрген ол 6 ақпан күні мотоциклмен мал түгендеу үшін далаға шығып кеткен. Оның жоқтығын білген туыстары тек екінші күні ғана дабыл қаққан. Іздеу операциясы ұйымдастырылып, ер адамның денесін ғана тапқан.
- Бөлімге хабар 8 ақпан күні сағат 15:00 шамасында түсті, дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылып, ер адамның мәйіті қыстақтан 12 шақырым жерден табылды. Қазір сот медициналық сараптама тағайындалып, нәтижесі күтілуде, - дейді Индер аудандық полиция бөлімінің орынбасары, полиция инспекторы Артур Ербулеков.
Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша, қайғылы оқиға мотоциклдің аударылып кетуінен болған.
Ақмарал БОКИРОВА
Сурет дереккозден алынды