Спорт күні мерекесіне орай Индер ауданында облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындарына аудандық іріктеу турнирі жоғары деңгейде өтті. Бұл күн спортсүйерлер үшін ұлттық және бұқаралық спорт түрлерінен мықтыларды анықтаған айтулы додаға айналды.
Қатысушылар үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қол күресі, садақ ату, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыстың ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Артур Мурзин тұрғындар мен қонақтарды мерекемен құттықтап, дене шынықтырудың денсаулық пен рухты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар аудан спортшыларының жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақытта да спорттың дамуына серпін беретін қадамдар жасалатынын жеткізді.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі тоғызқұмалақтан ерлер арасында бірінші орынды А.Ахмади, екінші орынды А.Муратов, үшінші орынды М.Тұңғатов иеленсе, қыздардан ой жүйріктігін танытқан аққалалық апалы-сіңілі Құсайыновалар үздік үштікті түгел қанжығасына байлады. Айталық Қ.Құсайынова І орын, А.Құсайынова ІІ орын, Ә.Құсайынова ІІІ орынды ұтып алды.
Шапшаңдық пен шеберлікті сынайтын үстел теннисінен қыздар арасында Н.Қабдешова, А.Максимова, А.Сатканкулова, ал ерлер арасында А.Нұрбекұлы, Б.Ағылов, А.Кутхуджин жүлдегер атанды.
Күш пен қайраттың тартысы қол күресінен А.Бақтияров, Д.Кеңесбаев, Д.Құспанғалиев үздіктер қатарынан көрінді. Гір тасын көтеруде Д.Құспанғалиев, А.Бақтияров және Б.Нұржанов мықтылық танытты.
Жүйке мықтылығы мен көз дәлдігі сыналған сәтте садақ атудан Б.Ораз, Е.Тұрашев, Т.Қаманов жеңіс тұғырынан көрінді.
Аққалалық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бектас Ораз қатарынан екінші рет бас жүлдені иеленіп отыр:
– Жарыс өте тартысты өтті. Күннің жел болуы қиындық туғызды. Соған қарамастан 12 қатысушының арасынан жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Садақ ату былтырдан бері ауданымызда қолға алынып жатыр. Ұлттық спортымызды дамытуға үлес қосып жүрген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Жарыста ерекше ойын өрнегін көрсеткен спортшылар облыстық кезеңге жолдама алды.
Турнир жайлы Индер балалар-жасөспірімдер мектебінің тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Амангелді Айтқалиұлы: – Іріктеу турнирі ауданда өте әділ өтті деп есептеймін. Бағы мен бабы келіскен жеңімпаздарымыз енді облыста бақ сынап, қыркүйекте республикалық деңгейде Атыраудың намысын қорғайтын болады. Барлығына сәттілік тілеймін! – деп лебізін білдірді.
Бұл жарыс тек мықтыларды анықтап қана қоймай, спортқа деген қызығушылықты арттырып, ұлттық ойындарды дәріптеген мерейлі мереке болды.
А.БОКИРОВА
Индер ауданы