Индерде «БІЗ БІРДЕЙМІЗ» бала дамыту орталығы ашылды

Индербор кентінде «Біз бірдейміз» бала дамыту орталығы ашылып, жұмысын бастады. Орталық білім беру және ерекше балаларға мектепке баруда қолдау көрсету, мамандыққа бағдарлау немесе кәсіби бағдар беру, ерекше балаларға арналған саз балшықпен жұмыс жасау үйірмесі бағыттары бойынша жұмыс жасайды.

Орталықтың негізін қалаушы «Әселдің әсем әлемі» қоғамдық қорының төрағасы Әсел Сарғойшинаның айтуынша, «Біз бірдейміз» жобасы өткен жылы «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауына ие болған. Осылайша ол «Әлеуметтік бағдарламалар және инноваци- ялар қоры» ҚҚ-ның әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Жарқыра» бағдарламасы аясында әлеуметтік бизнес-жобалар конкурсының жеңімпазы және 2 150 000 теңге көлеміндегі пайызсыз қарыз иегері атанды.

Орталықтың ашылу салтанатына «Теңіз шевройл» компаниясының қоғаммен және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полс, «Инновация және әлеуметтік бағдарламалар» қорының жетекшісі Ирина Горбаченко, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анаргүл Бақтығалиқызы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Айдана Ғұмарова қатысып, құттықтау тілектерін айтып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Қонақтар орталықтың жұмыс барысымен танысып, балалардың ашық сабақтарымен саз балшықпен жұмыс жасаудан шеберлік сабағын тамашалады.

– Ерекше балалар – қоғамдағы барлық балалар сияқты өмір сүруге, дамуға және бақытты болуға құқылы. Сондықтан барлық балалармен бірге оларды да дамытып, жетістікке жетуде қолдау көрсету – орталықтың мақсаты. Сондықтан орталық «Біз бірдейміз» деп аталады. Жалпы орталықта 30 баланы қамту жоспарланған. Бүгінде 20 бала келіп отырса, оның үшеуі – ерекше бала. Ерекше балаларды мектепке дайындаймыз, - дейді Әсел Жұбанғалиқызы.

Иә, әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны болған орталық тек балалардың зейінін ашып қана қоймай, әзірге 2 адамды жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда орталықта 20 бала білім алуда.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT