Баға шарықтап барады

Күнделікті тұрмысымызда азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол берілмегені жөн болғанымен, нарық өз ырқына көндірмей қоймайды. Әсіресе, тұрғындар жиі тұтынатын ұн, нан, сонымен бірге макарон өнімдері, ет, сүт пен көкөністердің бағасы қолжетімді болғанына не жетсін?!

Жалпы соңғы жылдары қоғамда азық-түлік бағасын реттеп, тұрақтандыру – басты назарда тұрған мәселе. Осыған орай, аудан әкімдігі әркез бағаны тұрақтандыру мақсатында азық-түлік тауарларының, әсіресе, күнделікті әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ерекше назарда ұстап, қадағалап келеді.

Ал жақында Индербор кентінің тұрғыны, I топ мүгедегі Қабес Қапаров редакцияға қоңырау шалып, «Болат» сауда үйіндегі «Лидер» супермаркетіндегі азық-түлік бағасының қымбаттылығы мазалап жүргендігін айтты. Әлбетте, тапқан табысы мен азын-аулақ мүгедектік жәрдемақысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтындар үшін бағаның өсуі қалтаға салмақ салатыны жасырын емес. Сондықтан да Қабес ағамыздың жанайқайы өзінің ғана емес, өзге жұрттың да қамы екені сөзсіз. Осы орайда «Лидер» супермаркетіндегі әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларын өз көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз.

Мәселен, аса қажетті бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нан – 80, қарақұмық жармасы 1 кг – 443, жылтыратылған күріш 1 кг – 246, күнбағыс майы 1 л – 685, сиыр еті (иық-кеуде сүйектері) – 1824, тауық еті (жамбас және іргелес етімен) – 805, жұмсақ орамадағы пастерленген сүт 2/5% майлығы – 209, тауық жұмыртқасы (I санат) – 41, ас тұзы – 45 теңге. Ал бір қап ұн базарда 9000 теңгеге дейін барады.

Базар жағаласаң баға осылай құбылып кете береді. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары С.Өтеғұлов:

- Тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, «Лидер» халық дүкенінде 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктері сауда-саттық нүктелерінде нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылуда. Делдалдарға жол бермеу мақсатында, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге өздерінің өндірген өнімдерін халыққа қол жетімді бағамен ұсыну мақсатында 17 тегін сауда нүктелерін беру жоспарланып, қазіргі таңда Индербор кентінде 3 шаруашылық, Есбол мен Өрліктен бір- бірден сауда нүктелерін ашуға ниет білдірді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстау мақсатында, ауыл шарушылығы тауар өндірушілері және жеке кәсіпкерлер арасында 6 меморандум жасақталып, бағаға күнделікті мониторинг жүргізіледі,-деді.

Бірақ, барлық шара алынғанмен, базардағы баға шарықтауын қояр емес.

Д.АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521