Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы беделін арттыру бағытында «Ұстазға алғыс» апталығы өткізілуде. «Ұстазға алғыс!» апталығы – ұстаздарымызға деген ризашылығымызды білдіру мен құрмет көрсетуге арналған маңызды шара. Апталық аясында аясында Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесін дамыту ісіне үлес қосып жүрген өз қызметкерлерінің ұстаздарына құрмет көрсетті.
Оқу-ағарту министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталғандар қатарында ұзақ жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ардагер ұстаз Гүлнәр Хамзина бар.
Еңбек жолын 1979 жылы 9 тамызда С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, 40 жылдан астам уақыт әр балаға әліппені үйретіп, қолына қалам ұстатты. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Мектептегі білім мен тәрбие негізі бастауыш сыныптан басталады десек, Гүлнар Хамзина баланың болашағына бағыт беріп, бала бойындағы қабілетті аша білді. Бүгінде ол тәрбиелеп, білім берген балалар есейіп, түрлі салада абыройлы еңбек етуде.
Солардың бірі шәкірті Эльмира Тұңғатарова бүгінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінде бас сарапшы болып қызмет етеді.
– Биыл зейнеткерлікке шыққаныма 10 жыл толады. Осы аралықта көптеген шәкірт тәрбиеледім. Елордада өткен «Ұстазға алғыс» апталығы аясында шәкіртім Эльмира Тұңғатарова шақырып, құрметтеді. Шәкіртіңнің ұстазым деп елегені көңілге қуаныш ұялатады.
Әр адам жеке маман болуы үшін білімді, саналы болуы керек деп ойлаймын, - дейді Гүлнар Хамзина.
Айта кетейік, ұстазға министрліктің марапаты отандық білім беру жүйесіне сіңірген еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан ерекше үлесі үшін табысталды.
Ж.НАРИМАНОВА