ЖЕРЛЕСІМІЗ БАХРЕЙНДЕГІ БӘСЕКЕДЕ ТӨРЕЛІК ЕТТІ

Бахрейн елінің астанасы Манама қаласында Дүниежүзілік гимназиада аяқталды. Оған әлемнің 72 елінің үкілеп қосқан командалары қатысып, 25 спорт түрі бойынша сынға түсті.

Қазақстан елінің командасы дүбірлі додада 4 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Ал біздің айтпағымыз, Қазақстан командасы сапында бокстан халықаралық дәрежедегі төреші, жерлесіміз Ермұханов Алтыбай Намазұлы қатысып, боксшылар рингінде төрешілік еткендігі.

– Халықаралық жарыста бірнеше рингте өткен бокс бәсекелері 4 күнге созылды. Күніне 10 жекпежекке төрешілік жасап, ешкімге қиянат қылмай әділ бағаларын бердім, - дейді халықаралық дәрежедегі төреші Алтыбай Намазұлы сөзге тартқанымызда.

Айта кетейік, Алтыбай Намазұлы – Қазақ дене тәрбиесі институтының түлегі. Бокстан Одақ кезінде талай мәрте Қазақстан чемпионатының және Грозный, Пенза қалаларында өткен Бүкілодақтық жарыстардың жүлдегері. Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарып, еңбек демалысына шыққан болатын. Бұған дейін бұрынғы Одақ көлеміндегі Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде төрешілік етсе, енді, міне, Араб шығанағындағы шағын аралдағы ел Бахрейнде төрелік етіп келді.

Сондай-ақ биыл Түркістанда Әбдісалан Нұрмұханов атындағы, Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық жарыстарда төрешілік қызмет атқарды. Алдағы күндері Жезқазған қаласында қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатына шақырту алып отыр екен. – Біздегі қараша айының суығында тамылжып тұрған Бахрейн елінің астанасы Манамаға Дубай арқылы ұшып жеттік. Қайта ол жақта қараша айында ауаның температурасы төмендейді екен. Біз барғанда 30-35 градус қана жылылықта болды. Құмды жерден өте керемет қала соғыпты.

Бір қызығы, тақтайдай тегіс қала көшелерінен бір автобус көрмедім. Тіпті қоғамдық көлікте автобус болмайды дейді. Бәрі жеке көлік мініп жүр. Әрі жолдан бір жол сақшысын көрмедім. Бірақ аспалы көпірлер арқылы небір көліктер кемінде 100 шақырым жылдамдықпен үйлесімін тауып шұбырып жүр. Тамақтанғанда шайдың орнына қарапайым суды ысытып беретініне таң қалдық. Оған үйренбеген біз өзіміз шай қайнатып іштік, – дейді ол.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT