Мақат ауданында «Алғыс айту» күніне орай еркін күрестен кіші жасөспірімдер арасында өткен облыстық ашық турнирден аудан командасы да құр алақан қайтпады. Атап айтсақ, 29 кг салмақта есболдық Мұрат Әділ І орын, 32 кг салмақта көктоғайлық Махмут Мұрадым І орын, 35 кг салмақта есболдық Нұрберген Амандықұлы І орынға қол жеткізді. Ал, 26 кг салмақта көктоғайлық Махмут Нұрәли ІІ орынға ие болса, жарсуаттық Жомарт Темірлан, есболдық Қизат Ақжүрек, жарсуаттық Тұяқбай Мұстафа ІІІ орынды еншіледі. Бізге шәкірттерінің жеңісін сүйіншілей хабарлаған Дархан Измуханов жастайынан спортқа құмар болып өсіп келе жатқан спортшыларынан үлкен үміт күтетінін айтты. – Ауданымызда спорт жақсы қарқынмен дамып келеді. Жас палуандарды шеберліктерін шыңдау мақсатында бапкерлермен бірлесе отырып, түрлі сайыстарға апарып жүрміз. Әлі де апармақ ниетіміз бар. Балуандардың жеңіске деген құлшыныстарын көріп, болашақта осы біз тәрбиелеп жүрген жасөспірімдер арасынан әлемге танымал палуандар шығады деп сенеміз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.