Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Бұлдырты ауылында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин мен еркін күрестің ардагері, ұлағатты ұстаз Ермек Орынбасаровтың құрметіне орай еркін күрестен өткен облыстық ашық турнирге аудан спортшылары қатысып қайтты.
Спорттық бәсекеге батыс өңірлерден барлығы 250-ге жуық палуан жиналып, ауданымыздан барған палуандар арасынан елтайлық Қасымхан Дуатов 35 кг салмақта топ жарса, 38 келі салмақта белдескен бөденелік палуан Фархат Орақұлы қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, күні кешегіге дейін ауданымыздың балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директоры лауазымын тізгіндеген Мәлік Биғамбаевқа Бұлдырты ауылының азаматтары ат мінгізіп, шапан жапты.
– Бұлдырты ауылында өткен бәсекеге ауданнан 10 спортшыны апардық. Барлығы да шеберліктерімен танылды. Бабы мен бағы қатар шапқандары жеңіс тұғырынан көрінді.
Жалпы, бұндай турнирлерден жас спортшылар шынығып, тәжірибе алмасып қайтады, – деген «Жолбарыс» спорт клубының төрағасы Салауат Қыраубаев спортшылардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Жадыра НАРИМАНОВА