Сырбаз өзін тағы мойындатты

Словакия елінің Трнава қаласында еркін күрестен жастар арасындағы (U21) әлем чемпионаты аяқталды.

Бұл жарыста 61 келі  салмақта Қазақстанның намысын қорғаған  19 жасар жерлесіміз Талғат Сырбаз қола жүлдегер атанды.

Қола жүлде үшін болған тартысты белдесуде Сырбаз Талғатұлы  оңтүстік кореялық Мин Су Чоны 10:4 есебімен ұтып, осындай биік дәрежеге жетіп отыр. Ол бұған дейінгі бәсекелерінде шаршы  кілем иесі словак Павола Рапкананы 10:0 есебімен бет қаратпай ұтса, Қытайдың үкілеген үміті  Минху Люды  – 6:3 есебімен қапы қалдырды. Тек жартылай финалда ғана грузин палуаны Рамаз Турманидзе жерлесіміздің жолын кесті.

-Балам белдесіп жатқанда экран алдына жүрегім шыдап отыра алмадым. «Баласы атқа шапса анасы тақымын қысады» деген сол ғой. Аулаға шығып дұға тілеумен болдым. Бір кезде белдесу сәтін интернет арқылы тамашалап отырған екі ағасы Айбар мен Алмас сүйіншілеп шапқанда қуаныштан көзімізден жас кетті, - деді Сырбаздың анасы Анархан толқыған көңілімен.

Айта кетейік, Сырбаз Талғатұлы осы жазда Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен  Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Енді міне, әлемді тағы бір мәрте мойындатып отыр.

Жерлесіміздің жеңісі алдағы Олимпиадаға жалғаса берсін дейміз!

Саламат Базарбаев

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT