Өскемен қаласында еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті.
Осы сынға Атырау облысы құрама командасы сапында 65 кг салмақта бақ сынай барған жерлесіміз Сырбаз Талғат қарсыластарын шақ келтірмеді. Ол әуелі екі алматылық, кейін қарағандылық балуанды сүріндіріп, жартылай финалда да Қарағанды қаласынан келген қарсыласын қапы қалдырған.
- Ақтық сында боз кілем иесі, шығысқазақстандық Олжас Олжақанов есімді азаматты 5-1 есебімен ұтып, оқ бойы озық шықты. Шәкіртіме жарыста еш қиындық болмады. Алдағы қазан айында Финляндия (фин тілінде елдің атауы-Суоми) елінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды, - дейді жолға шығып келе жатқандарын жеткізген бапкері Н.Кәукенов.
Бұған дейін де жастар арасында әлем және Азия жүлдегері атанған Сырбазды кішкентай кезінен буынын қатайтып, белдесудің түрлі айла-тәсілдерін үйреткен бапкері аққалалық Нәсіпқали Кәукенов болса, қазіргі таңда Атырау облысының бас бапкері Аслан Жаманбаев қадағалауда.
Әр жетістігін көздерімен көріп, қолдаушысы болып жүрген қос бапкері шәкірттерінің үкілеген үміттерін ақтағанына дән риза. Алар асуларының әлі алда екеніне сенімді.
А.БОКИРОВА