Спорт ардагеріне арналған турнир өтті

Аудан орталығындағы спорт кешенінде шағын футболдан жасөспірімдер арасында ауданның ашық турнирі аяқталды. Жарыс  Жәрдемұлының   70 жас мерейтойына арналды.  


Жолдас Жәрдемұлы ұзақ жылдар аудандық балалар спорт мектебінде футбол бөлімінің бапкері болып, шәкірт тәрбиелегенін жерлестері жақсы біледі. Шәкірттері 2005-2017 жылдар аралығында бірнеше мәрте облыс жеңімпаздары атанды. Талай рет облыстың намысын республикалық чемпионатта лайықты қорғады. Бәсекелестігі мол ел чемпионатында жүлдегерлердің ізін басып 4 орынға дейін жетіп, құрметке бөленді. Қазіргі аудандағы футбол саласындағы мамандардың дені оның шәкірттері. 
Ол  1954 жылы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті аяқтаған соң,  Орал қаласында педагогикалық институттың спорт факультетін  тамамдаған. Институттың "Учитель" командасы сапында облыс чемпионы атанып, аймақтық лигада өнер көрсеткен. Жоғары оқу орнын тамамдағасын 1979 жылы ауылға оралып, аудандық балалар спорт мектебінде баскетболдан, ал  2001 жылдан айтқандай футбол бапкері. Қазір зейнеткерлік демалыста.  Жұбайы Нұрсұлу бұрын сауда саласында еңбек етсе, қазір зейнеткер. Отбасында Абзал, Артур, Айбар, Арайлым атты ұл-қыздарынан  тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған бақытты ата. 
Мерейгер иесі  футболшы шәкірттерінң жетістігі үшін "Жыл спортшысы" байрағына ие болды. Білім министрінің, облыс әкімінің  құрмет грамоталарымен марапатталған. 
-Осындай дүбірлі жарыс ұйымдастырып, құрмет көрсеткеніне ризамын. Дегенмен де ауданда көпшілік шағын футболға ден қойып, ал нағыз футбол кенжелеп қалғандай әсердемін. Әрі бұған дейін талай мәселе етіп көтеріп жүрген  стадионның  да құрылысы ауданға бұйырмай тұр, - дейді Жолдас  Жәрдемұлын сөзге тартқанымызда. 
Турнирдің салтанатты ашылу барысында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин мен мерейтой иесі, спорт ардагері Жолдас Жанғалиев ақ тілектерін білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі. 
Жарысқа облыс орталығынан "Химпоселок" пен "Елита", аудандардан Қызылқоға мен Махамбет, "Сағыз" ауылынан командалар келді. Оларға қарсы  ауданнан Индер мен Есбол мен Жарсуат ауылының командалары бақтарын сынады. Алдымен топтық сыннан мүдірмей өткен мықтылар  финалдық кезеңде өзара тартысты сынға түсті. Ойын барысында балалардың  футбол ойынын жақсы меңгеріп қалғанын, жылдам да епті қимылдарына, тамаша голдарға куә болдық.   
Нәтижесінде үшінші орын үшін болған сында атыраулық "Елита" командасы сағыздық қарсыластарын 1:0 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды. Ал финалда Индер балалар спорт мектебінің командасы Махамбет ауылынан келген қарсыластарын 3:1 есебімен ұтып, жарыстың жеңімпазы атанды. 
Жекелеген ойыншылар арасынан Индер балалар спорт мектебінен Жаңғабыл Құрмаш үздік ойыншы танылды. Үздік қорғаушы Шахир Нұрасыл (Махамбет) және үздік қақпашы Қуаныш Әділет ("Елита" СК) атанды. 
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT