Атырауда 10-11 наурыз аралығында қазақ халқының ескі мұрасының бірі – тоғызқұмалақ ойынынан облыстық іріктеу сайыстары өтті.
Сайысқа 17-19 жас аралығындағы ұл – қыздар қатысты. Пандемияға байланысты шектеу болғандықтан, облыстық ашық біріншілікке әр ауданнан 8-ге жуық жасөспірім мен студенттер сынға түсті.
Индер ауданынан да сайысқа тоғызқұмалақ спорт мектебінің түлектері де ат салысты. Екі күнге созылған іріктеу сынында қос бірдей Аққала орта мектебінің оқушы қыздары ерекше көзге түсіп, үздік нәтижеге қол жеткізді.
17 жас аралығындағы қыздар арасындағы сайыста 10 сынып оқушысы, спорт шеберіне үміткер Арайлым Құсайынова және 19 жас аралығындағы қыздар арасындағы сайыста 5 сынып оқушысы Аружан Аязбай оқ бойы оза шығып, жүлделі 1 орынға ие болды.
Қос оқушы да 22 наурыз бен 2 сәуір аралығында өтетін Павлодардағы республикалық жарысқа жолдама алды.
- Тоғызқұмалақтан өткен облыстық іріктеу жарысынан осындай жетістікке жеткенімізге қуаныштымыз. Ұлттық спортымыз – ұмыт қалмаса екен дейміз. Шәкіртімнің бірі – Аружан Аязбай, өзі 5 сынып оқыса да, 19 жас аралығындағы сында қарсыластарын қапы қалдырып, бәрін таң қалдырды. Осыған дейін Семей, Ақтөбе сынды қалаларға барып, жетістіктерге қол жеткізіп жүрдік. Енді алдағы мамыр айында өз жастарында іріктеу жарыстары болады. Соған да дайындалуымыз қажет. Республикаға бару көп дайындықты талап етеді және қаражат жағы да оқушылардың талпынысын бәсеңсіте ме деген де ой келеді,-дейді тоғызқұмалақтан «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт төрешісі» атағының иегері, тоғызқұмалақтан аудандық балалар және спорт мектебінің жаттықтырушысы Амангелді Айыпғалиұлы бізбен әңгімесінде.
Ендеше біз де қос бірдей қызғалдақтай қызымызды республикалық сайыста жеңіспен оралуын тілейміз!
А. Тұрғалиұлы