Жақында Атырау қаласында V облыстық паралимпиада өтіп, оған Индер аудандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар клубының мүшелері қатысып, жеңіске жетті.
Бұл бәсекеде тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған және көру қабілеті төмен 150-ден астам мүгедек спортшылар спорттың төрт түрінен бақ сынасты. Айталық, жеңіл атлетиканың үш түрінен тірек қозғалысы зақымданғандар арасынан Нұрхан Бергенбай үш алтын, ал Мейрамбек Оқас екі күміс, бір қоланы қанжығаға байласа, есболдық Райымбек Нечаев екі алтын, бір күмісті қанағат тұтты.
Ал көру қабілеті төмен спортшылар ішінен бөденелік Нұрлыбек Қабдырахманов үш алтынды еншілесе, 100, 200, 300 метр жүгіруден алдына жан салмаған Индира Жанғылышоваға үш алтын бұйырды. Сондай-ақ үстел теннисінен есболдық Райгүл Жақсыбаева қола жүлдені, Жасұлан Бисенов екінші орынды еншіледі. Сонымен қорытынды есеп бойынша қоржын 11 алтын, 4 күміс, 2 қоламен толықты.
-Байқау өте жақсы өтті. Спортшыларымыз аса дайындықпен барып, жоғары нәтиже көрсете білді. Бұл біріншіден ауданның кейін спортшылардың жеңісі деп білемін. Енді байқауда жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар облыс құрамасына алынып, олар қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін ҚР паралимпиадаға қатысатын болады. Демеушілік жасап қолдау білдірген аудан әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз,-дейді Индер аудандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар клубының жетекшісі Жасұлан Бисенов.
Диас АЙБАР