Өз алдына дербес бөлім болып құрылған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі бірқатар спорттық шаралардың өтуіне ұйытқы болып үлгерді. Аталған бөлім жуырда аудандық жастар ресурстық орталығымен біресіп тірек қимыл аппараты зақымданған (ТҚАЗ) мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан аудандық турнир өткізді.
Спорттық шараның ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айымбек Жанатұлы сөз сөйлеп ашып, турнирды ұйымастырып өткізудің масатына тоқталды.
Ерекше тапқырлық пен ұтқырлықты талап ететін дойбы жарысынан бөденелік Нұрлыбек Қабдырахманов жүлделі бірінші орынға ие болды. Сөз барысында айта кетейік Нұрлыбек замандасымыз музыка саласының маманы бола тұра спортты жанына серік етіп облыста, республикада өткізілген бәсекелерде топ жарып аудан абыройын асырып жүр.
Жүлделі екінші орынға есболдық Бағила Досанова, үшінші орынды индерборлық Қажмұқан Мұқатов жеңіп алды.
Ал шахматтан өткен бәсекеде индерборлық Қажмұқан Мұқатов жүлделі бірінші орынға ие болып бір турнирде екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс медальді есболдық Айгерім Жәрдем еншілесе, индерлік Алішер Сайлауов қоладан алқа тағынды.
Ұлттық ойынымыз болып табылатын тоғызқұмалаққа қатынасушылар шыға қоймады.
Жеңімпаздар диплом, медаль және арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша алдағы наурыз айының 3 күні өткізілетін облыстық турнирге қатыспақшы екен.
С.КӨШЕКОВ