Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.
Азия чемпионатына іріктеу мақсатында 5,7,9 желтоқсан күндері елордада өткен бақсынасуға 14 облыстың мықты деген 34 үміткері қатысты. Солардың ішінен Атырау намысын арқалаған индерлік Талғат Сырбаз шашасына шаң жұқтырмай оза шауып, чемпион атанды.
Кішкентайынан ептілік пен күрес әдістерін бойына дарытқан бапкері аққалалық Нәсіпқали Каукенов:
- Сырбаздың қарсыластары осал болмады. Мысалы, кешегі шыққан жамбылдық М.Аширов бұрын әскери қызметкерлер арасында әлем чемпионы болған. Оны 5/2 мен ұтса, финалға шыққан ақтөбелік А.Бакеевті он жасқа кіші болса да 12/2 мен ойсырата жеңді. Сырбазым өзінің мықтылығын дәлелдеді, - дейді.
Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлемдік, құрлықтық чемпионаттан жүлдемен оралған жерлесіміз Азияда да өзін биік белестен көрсетіп, Қазақстанның туын желбірететініне сенеміз.
Ақмарал БОКИРОВА