Индер балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жамағаттар арасында кіші аяқ доптан аудандық турнир өтті.
Аудан әкімінің қолдауымен, ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде "Дендер" жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин мен «Әйіп қажы» мешітінің найб имамы Қырықбай Есқайыров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Тұрғындар арасында дәстүрлі және діни құндылықтарды насихаттау бағытында атқарылған қызметтер» жобасы аясында өтіп отырған бұл шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жамағат арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту .
Турнирге аудан орталығы мен ауыл-аймақтан құралған 8 команда қатысып, бақтарын сынады.
Тартысты өткен турнирде ең мықты дайындалған 3 команда жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, бірінші орынды Бөденеден келген спортшылар (75 мың теңге), екінші орынды есболдық футболшылар (50 мың теңге), ал үшінші орынды «Әйіп қажы» жамағаты командасы (25 мың теңге) еншіледі. Сондай-ақ, ерекше көзге түскен қатысушылар Ерлан Оразғалиев (Есбол) «Үздік шабуылшы», Мейрамбек Тұрғалиев («Әйіп қажы») «Үздік қорғаушы», Нұрберген Мұқашев (Бөдене) «Үздік қақпашы» номинацияларымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлық сертификаты, кубок, медаль және грамоталар табысталды.
А.Бокирова
Индерде жамағат арасында жарыс өтті
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Спорт
- Read Time: 1 min
- 28