Екінші лигаға жолдама алды

Күні кеше Атырау қаласының әуесқой командалары арасындағы футзалдан ХII ашық біріншіліктің III лига тобында Бөдене ауылының «Бөдене» командасы үшінші орынға ие болып, II лигаға жолдама алды.

Мықты командалармен додаға түскен бөденелік жастар тартысты ойын нәтижесінде тек бір жеңіліске түскен. Бірақ, команда соңғы турда атыраулық «Дисиди» командасымен алаңға шығып, алғашқы кезеңде 2:0 есебімен таразы басын теңестіре алмаса да, екінші кезеңде 3:2 есебімен басым түсіп, қапыда қалдырды. Осы ойында команданың жеңіске жетуіне Қасымхан Есенов, Азамат Біржанұлы, Дәурен Олжиевтардың үлесі зор. Ал жалпы команданың осындай нәтиже көрсетуіне Ж.Сариев, Қ.Есмұратұлы, А.Сағынғалиев, А.Бижанов, Б.Тұрланның еңбегі ерекше.

Ал жалынды жастардың басын біріктірген, команда капитаны Жігер Шыңғазиев:

-Үздіксіз дайындықтың нәтижесінде ғана осындай көрсеткішті көрсеттік. Ендігі жерде «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» демекші ауыл, қала берді аудан әкімдігі мен ел ағалары ауыл командасына қаржылай қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал осыған дейін командаға демеушілік жасап, жаңа форма алып берген «Индер-Тұз» мекемесіне алғысымыз шексіз,-деді.

Сондай-ақ өз қалталарынан қыруар қаржы шығарып, ауылдың атын атойлатып жүрген жастар жарысқа дайындалатын жердің жоғын да жеткізді.

-Біз спортпен шұғылданатын мектептің жазғы ашық алаңына жөндеу жасалса екен. Себебі салынғанына біраз уақыт болған алаңның сапасы сын көтермейді. Осы уақытқа дейін ауыл жастары қанша жерден ақша жинап жасағанымызбен, көп күттірмей істен шықты. Олай дейтінім, азғантай қаражатқа көп жұмыстар жасала бермейді ғой. Міне, осыған бюджеттен қаражат бөлініп, биліктегілер бір көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарын жасап берсе жақсы болар еді,-дейді ол.

Айта кетейік, жарыстың қорытындысымен команда мүшесі И.Тұрғалиев «Ең үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Диас АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT