Жарсуат ауылында өткен «Әкімдік сағатында» аудан әкімі С.Арыстан елді мекеннің әлеуметтік нысандарын аралып, қысқа дайындық барысымен танысты.
Ауылдық округ әкімі Ә.Балахметов бұл бағытта жүйелі жұмыстардың жүріп жатқандығын қаперге берді.
Тұрғындарды жеке қабылдау барысында Талғат Тасқарин мен Байғали Өтемановауыл аймағынан жолай өткен жолаушылар мен ауыл қонақтарының атақты ақын Мұрат Мөңкеұлының басына дұға оқып, тағзым етіп жатқандардың көптігін, алайда оның абаттандыруы жағы кемшін соғып тұрғандығын көтерді.
Әкім Серік Бисешұлы әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына орай облыста кең көлемді шара ұйымдастыру жоспарланып отырғанын, ал оның бір бөлігі ақынның мәңгілік мекен тапқан жерінде болатындықтан дайындық жұмыстарын жеделдетуді округ әкіміне тапсырды.
Сонымен қатар тұрғындардың арасынан Гүлнәз Иманбаева ауылдағы еркін күрес бөлімінің бапкері Дархан Ізмұхановқа балаларының әбден үйреніп қалғанын, жарыстардағы жеңістерінің де көп екендігін, алайда бапкердің ауылдан кетіп қалу қаупі барын айтты. Себебі, бапкер ауылда бірқатар жылдан бері бапкерлік қызметті тындырымды атқарып жүргенімен үй-күйі болмай қиындау тиіп жүрген көрінеді.
Махамбет Өтемісұлы қорығының басшысы Сәрсенбай Дәуітбаев батыр-ақын қорығын әлде де абаттандыру, қоршауын кеңейту мәселесін көтерді.
Тұрғындармен кездесудегі тағы бір өзекті мәселе жер, мүлікті түгендеу кезінде кемшіліктердің орын алғандығы. Мысалы, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының арасында өзіне тиесілі мемлекеттік актісінен басқа айналасындағы жерді өз бетімен қоршап алғандар, оған қора-қопсысын салғандар көп. Егерде ауласының сыртында басы артық жер болса заңдастырып, қоршап алуына болады. Ал ол маңызды «қызыл белдеу» аталатын коммуналдық жүйелердің үсті, көшенің бойы, немесе өрт қауіпсіздік өткелдері болса оған жол берілмейді.
- Жер түгендеу жұмыстарына байланысты ауыл тұрғындарына алдын ала түсінік жұмыстары жүргенде көпшілігі мойын бұра бермеді. Кейін облыстан жер инспекциясы тексеруге шығып, ауылдың бір көшесіне тексеру жүргізгенде 8 үйге 170 мың теңге айыппұл салды. Олардың ішінде әлі де жерін қайтармай отырғандар бар. Түсінік жұмыстарына да құлақ аспауда. Бұлай жалғаса берсе қайтара айыппұл салу шаралары алынбақ.
Егерде заңсыз иеленген жерге құрылыс салынған болса оның айыппұлы мұнан да жоғары болмақ. Сондықтан да түгендеу жұмыстарына бей-жай қарауға болмайды,- деді әкім орынбасары Қ.Нұрлыбаев.
Сонымен қатар кездесуде ауданда бруцеллез ауруы көбейгендіктен мал иесінің жауапкершілігін көтеру, каналға су жіберу сынды мәселелер айтылды.
С.БАЗАРБАЕВ.