Ардагерді еске алды

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Білім беру саласының үздігі, өңір спортының дамуына айтарлықтай үлес қосқан индерлік азамат Сағат Ахметовты еске алуға арналған қазақша күрестен республикалық ашық турнир туған жері Өрлік ауылында өткізілді.

Спортшының отбасы, туыстары мен аудан әкімдігі бірлесіп өткізген турнирде 2012-2015 жылдар аралығында өмірге келген 130-ға жуық жас балуандар боз кілемде белдесті.

Турнирдің ашылуында мемлекеттік әнұран шырқалған соң марқұмның туыстары мен көзін көрген әріптестері еске алды. Ашылу салтанатында спорт саласының саңлақтары Алтыбай Ермұханов, Асқар Бакенов, Жолдас Жанғалиев, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Бисенбаев, Өрлік ауылдық округінің әкімі Мұратбек Қаженов сөйлеп, өз тілектерін арнап, аға туралы естеліктерімен бөлісті.

Еліміздің Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылынан және Исатай, Махамбет, Индер ауданына қарасты Өрлік ауылынан келген балуандар белдесуде оңайлықпен беріспеуге бар күшін салды. Бірі жеңіс тұғырынан көрінсе, енді бірі «әттеген-ай» десті.

–Жастарымыз спортқа жақын болсын деп ұйымдастырып жатқан шара бұл. Турнирді екі жылда бір өткізіп тұру жоспарымызда бар, – дейді спорт ардагерінің бауыры Мәулен Ахметов.

Еліміздің әр аймағынан келген балғын палуандар арасында мүшелері ең көп чемпион атанған аудан командасы жүлделі бірінші орынға қол жеткізіп, арнайы кубокқа ие болды. Жарыстың өзге де қатынасушыларына арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Сұңқар КӨШЕКОВ,

Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT