Кешегі Кеңес кезеңінде жойқын соққысымен, айла-тәсілімен талайды таң қалдырған былғары қолғап шебері Серік Нұрқазовты білмейтін адам кемде-кем шығар.
Аты аңызға айналған азамат жуырда аудандық балалар спорт мектебінің арнайы шақыртуымен ауданға келіп, балалар спорт мектебінің бокс үйірмесінде жаттығып жүрген жас өрендермен, жаттықтырушылармен жүздесті.
-Спорттағы жетістік үлкен еңбекпен келеді. Бірде бақ, бірде бап шабады. Ондайда дандайсып кетуге жол беруге болмайды. Өйткені, ондай дарақы мінез болашақ жеңісіңе тұсау болады. Әсіресе мұны жаттықтырушылар қатаң ескерулері тиіс. Олар өз шәкірттерін психологиялық, физиологиялық тұрғыда да дайындауы қажет,-деді саңлақ спортшы.
Мұнан соң спортшы балғындарға шеберлік сабағын өткізді. Оған арнайы қатысқан аудан әкімі Мейірім Қалауи уақыт бөліп сонау Қарағандыдан келген спорт шеберіне алғыс айтты.
-Жалпы спортты дамытуға мемлекет тарапынан арнайы көңіл бөлініп отыр. Балғындарымыздың жан-жақты белсенді болуына, бос уақыттарын тиімді өткізуге қажетті қолдау көрсетілуде. Соңғы жылдардың өзінде Есбол мен Өрлік ауылында жаңадан спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Ал Жарсуат ауылдық округінде кешеннің құрылысы жүруде. Сәтін салса, жыл аяғына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз жаттығып жүрген кешенде 10 спорт түрінен 1160 бала шыңдалуда. Сіздердің араларыңызда Серік ағаның ізін жалғап, чемпиондық тұғырдан көрінер алтын ұлдардың өсіп келе жатқанына сенемін,-деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Серік Нұрқазов 1983 жылы Болгария мемлекетінің Варна қаласында өткен Еуропа чемпионы, осы жылы Италияда өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері, 1984 жылы Куба мемлекетінің Гана қаласында өткен «Дружба-84» халықаралық жарысының күміс жүлдегері, сондай-ақ 1983, 1984, 1986 жылдары қатарынан КСРО чемпионы болған.
Осындай жетістіктерінің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, 1985 жылы «Еңбек үздігі» медалімен марапатталған. Төккен тердің нәтижесі деп осыны айт.
С.КӨШЕКОВ
сурет автордікі