Абыройды асқақ етіп жүр

Өңіріміздің тумасы, еңбек ардагері, журналист Бақытжан Жұматовты жерлестері жақсы біледі. Ол «Dender» газетінде ұзақ жылдар журналистік қызметімен шыңдалса, кейін облыстық телеарна мен газетте жемісті еңбек етті. Қазір республикалық «Мерейлі мекен» журналының бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі.

Бақытжан Хамитұлының Сәуле мен Зәуреден кейінгі жалғыз ұлы Бауыржаннан тараған немересі Ильяс жастайынан жеңістерімен қуантып келеді. Ол жақында панкратион спортынан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, Атыраудың атын шығарды. Қостанай қаласында өткен бұл чемпионатта 38 келі салмақта жекпе-жекке шыққан ол 4 бірдей қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленіп отыр.

– Немереміз жекпе-жекке шыққанда, әжесі Мәншүк екеуміз тақымды қысып, «шықпа жаным, шықпамен» отырамыз. Ерлік рухы қанында бар деп білемін. Кішкентайынан панкратион, гриплинг, аралас жекпе-жек сынды жауынгерлік спорт түрлерімен шұғылданып келеді. Алғашқы бапкері – туған нағашысы Самат Жағыпаров. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған ол бүгінде еліміздегі белгілі бапкерлердің бірі, – дейді әріптесіміз Бақытжан Жұматов сөзге тартқанымызда.

Журналистің Ильястан кейінгі немересі Мирас Бауыржанұлы да аталған жауынгерлік спорт түрінен облыстың чемпионы. Одан кейінгі немерелері Гүлхаш үлкен теннис, кішкентайы Інжу гимнастика спортымен шұғылданып, жеңістерімен қуантып жүр екен.

Журналистің спортшы немерелері үлкен асуларды бағындырып, ата-әжесін қуанта берсін деп тілейміз.

Саламат Базарбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521