Сыбайлас жемқорлық – қоғамда тамырын тереңге жайған дерттің бірі. Жемқорлықпен күресу мақсатында мемлекет тарапынан заңдар қабылданып, іске асырылуда. Бұл бағытта әр адам бір кісідей атсалысу керек.
Осы орайда, «Атырау адалдық алаңы» жобасы аясында Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінде «Парасыз қоғам – ұлт болашағы» тақырыбында квест ойыны өтті. Ойын санитарлық талаптарды сақтай отырып ойнатылды. Шараның мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті, парасаттылық пен азаматтық ұстанымдарды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына төзбеушілікті және қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу. Квест ойынына 1-2 курс студенттерінен құралған «Тұлпар», « Талап», «Қыран», «Бірлік» командалары қатынасты.
Ойын шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде өздерін таныстырып, екінші кезеңде жүргізуші қойған логикалық сұрақтарға белсене жауап берсе, қорытынды кезеңде тақырып аясында шағын көрініс ұсынды. Атап айтсақ, командалар жұмысқа орналасу, студенттердің тоқсандық сараманнан өтуі, әскерге шақыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау туралы 5 минуттық көріністе көрсете білді.
Ойын ұйымдастырушысы Гүлім Танабаева: осы бағыттағы шаралар арқылы жастардың бойына жаман әдеттен аулақ болуды саналы түрле сіңіре берсек, тамыры тереңге жайылған қасіреттің жойылуына жастардың өз үлестерін қосатыны сөзсіз,- дейді. Ал, тартысты ойын нәтижесінде «Тұлпар» тобы І орын, «Талап» тобы ІІ орын, «Қыран» тобы ІІІ орынға ие болса, «Бірлік» тобы алғыс хатпен марапатталды.
Жадыра НАРИМАНОВА