Қор президенті Ақтоты Райымқұлова қонақтарды қарсы алып, өткен жылы қор жүзеге асырған жұмыстар туралы мәлімет берді. Ол қор тарапынан 74-тен аса жоба мен іс-шара ұйымдастырылғанын айтты.
– Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде түркі әлемінің көрнекті ғалымы Махмұд Қашқаридың XI ғасырда жазылған «Диуани Лұғат әт-түрк» атты алғашқы түркі тілдері энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция мен көрме өтті. «Түркі әлемінің танымал тұлғалары», «Түркі әдебиетінің жауһарлары», «Түркі әлемінің ғылыми қазыналары» атты кітап сериялары жарық көрді. Бакуде «Түркі әлемінің тарихи және мәдени мұрасын ЮНЕСКО тұрғысынан зерттеу және қорғау» тақырыбында халықаралық конференция өткізілді, – деді қор басшысы.
Сондай-ақ А.Райымқұлованың айтуынша, Астанада өткен саммит аясында Алмағұл Осмоновтың Бішкектегі үй-музейін қалпына келтіру және қайта жөндеу жұмыстары аяқталған. «Түркі әлемі 2040-қа көзқарас» құжаты мен TURKTIME бастамасына сәйкес Түркі мәдени мұрасының каталогі дайындалған. Бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қолдау тауып, Ыстанбұлда түркі мәдени мұрасын басқару саласында мамандар арасында тәжірибе және білім алмасу бағдарламасы ұйымдастырылған.
Жиында сарапшылар түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және қорғау бағытында ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Ал мемлекеттік органдардың өкілдері мен қор қызметкерлері ұйымның нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізу жайын қарастырып, 2025–2026 жылдарға арналған қордың жұмыс жоспарына енгізілген Түркі әлемінің бай мұрасын насихаттау, сақтау және қалпына келтіруге бағытталған жобаларды пысықтады.
Айта кетейік, биыл қор кеңесіне Қазақстан төрағалық етеді. Қордың негізін қалаушы елдердің Мәдениет министрлері екінші кеңесінің отырысы алдағы 7 ақпанда Астана қаласында өтеді.
Еркінбек СЕРІКБАЙҰЛЫ,
«Әдебиет пен өнер» порталының Қазақстандағы өкілі