«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов бандама жасап, Жолдаудың маңыздылығын жан-жақты тоқталды.
«Мемлекет басшымыз кемел келешекке бастайтын — Жаңа Қазақстанды құрудың қуатты тетіктері мен бағыт-бағдарын нақты белгілеп берді. Мемлекет басшысының Жолдауы бүгінде ел өміріндегі ең маңызды жаңалық болып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта 10 бағыт бойынша ауқымды реформалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Бүгінгі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне көшті. Соған орай, мемлекеттік басқаруда да, басқа салаларда жаңаша көзқарас, қарымды іс-әрекеттер талап етіледі. Президентіміз саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды»,-деді ол.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жолдауда қай бағыттарға басымдық берілгеніне де тоқталды. «Президенттің өкілеттілігін қайта қарау, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру бағытында ауқымды бастамалар көтерілді»,- деген М.Досмұхамбетов, Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік ахуал мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, дағдарысқа қарсы іс-шаралар бағытындағы жұмыстарды қолға алуды тапсырғанын да жеткізді. Сондай-ақ, талқылауда облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, ҚР Жеке сот орындаушылар өңірлік алқасының төрағасы, облыстық Мәслихат депутаты Амангелді Абдолов, облыстық Мәслихат депутаты, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Қайрат Қоныс, «ZAN Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Асылхан Төлеген сөз сөйлеп, халық күткен көптеген мәселлер айтылып, жолдауда көтерілген ерекше өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Өз кезегінде облыстық Мәслихат депутаты А.Абдолов саяси реформаның маңызын атап өтті.
«Президент Жолдауда ұсынған реформаның негізгі мәні - билік пен халық арасында нақты нәтиже беріп, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуына арқау болатын, екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Саяси реформалар ел ішінде тек саяси бағыттағы жұмыстарға емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға өз серпінін береді. Президенттің Жолдаудағы бастамалары ол бір күнде әзірленген жұмыс емес, барлық талдау сараптаулардан өтіп, қоғам талабына сай жасалып отыр және алдағы уақытта өз нәтижесін беруі тиіс»,-деді ол.
Сондай-ақ, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов Президенттің кейбір өз өкілеттіктеріне өзгеріс жасауды – демократияның жарқын көрінісі деп, оған қоса антикрезистік жоспарларды құруды – болашаққа деген сенімді күшейткенімен түсіндірді.
Ал, облыстық Мәслихат депутаты Қ.Қоныс Жолдауда айтылған сайлау жүйесін жетілдіру туралы сөз қозғаса, «ZAN Solutions» ЖШС заңгері Асылхан Төлеген елімізде Конституциялық соттың қайта құрылуы шын мәнінде аса қажет екеніне тоқталды. Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов алдағы міндеттерді бірлесіп атқаруға шақырды.
«Қазіргідей күрделі кезеңде еліміздің бірлігі, халықтың қолдауы аса маңызды. Осы тұрғыда, Жолдауда көзделген жаңа өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыру – барша атыраулықтың ортақ міндеті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Сіздерді өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған келелі міндеттерді бірлесе атқаруға шақырамын»,-деді ол.
Айта кетейік, аталған жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Мәслихат хатшысы, Қоғамдық кеңес төрағасы, Мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестік жетекшілері, сонымен қатар, селекторлық режимде Атырау қаласы мен аудан әкімдері қатысты.