Ежелден серік болған құмай тазы...

Қазақта  жеті қазынаға адамның сенімді досы ретінде итті кіргізеді. Иттің ішінде де қасиетті деп құмай тазыны қосқан. Тазыны далаға жатқызбай, киіз үйдің ішіне ұстаған, ерекше күтіммен баптаған. Көне түркілік наным бойынша, тазы иттен тумаған көрінеді. Ол елсіз және биік жерге ұя салатын италақаз деген құстың жұмыртқасынан пайда болған деседі.

 

Бұрын бабаларымыз үшін тазының орны ерекше болған. Сыртқы тұрқы жіңішкелеу, әлжуаз көрінгенімен желдей ескен жүйріктігі, қайтпас батылдығы, жойқын қайратты екенін тазы ұстағандар жақсы біледі. Оның үстіне ит жылы кіргендіктен, қазынаға балаған тазы жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.

 Қансонардың қызығы жүйрік тазы

Өлкемізде бұрын тазы ұстап, аңшылықты серік еткендер  көп болыпты.  Индербор кентінің тұрғыны,  әуесқой аңшы Серік Дүйсебалиевтың (жоғарыдағы суретте) айтуынша,  соғыстан кейінгі 40-50-ші жылдары Есбол ауылында Қайыр, Тұхфат сынды мықты аңшылардың атағы шығыпты. Ағасы Белен Дүйсебалиев та жақсы аңшы болған екен.  Ал өзі  Индерге көшіп келген соң 1997 жылдан бастап он бес жыл бойы тазы ұстапты.

- Тазыны кішкентай күшік кезінен Асқар інім Астрахандағы өзге ұлттың жігіттерінен алып келіп, аңшылыққа құмар маған берді. Пальма деп атын қойып, кішкентайынан үйге асырадым. Алғашында анам Бихан «итті үйге асырағаны несі...» деп ренжіп жүрді. Кейін тазыға анам да бауыр басып қалды. Тазы ұстау жеңіл, үйге дәрет сындырмайды, өзі белгі беріп түзге шығады. Басқа иттердей жағымсыз  иісі болмайды, өте таза. Жалпы тазы дегеннің өзі таза дегеннен шыққан деседі. Үрмейді, адамға зияны жоқ. Анам өзімізге пісірілген тағамның шетінен оған да салып беретін. Тазым көп тамақ ішпегенмен,  таңдап ішеді. Өсе келе аңшылыққа ерте бастадым. Жас кезінде тәжірибесі аздау болғандықтан, қояндарға әп дегеннен жетіп алғанымен бірқатарынан айрылып қалып  жүрді. Жасымызда үлкендер тазыны қалай баптау керек екенін айтып отыратын. Оған кезінде жеткілікті  мән бермеппіз. Дегенмен аңшылық кітаптарға қызығушылығым басым болғандықтан тазы туралы оқи  бердім, тәжірибемді толықтыра түстім. Өсе келе Пальмам нағыз аңшы ит болып шықты. Әсіресе, қансонарда із кесіп жолымыз болатын. Жазда құмнан да із кесеміз. Аңды байқаса «әп» дегенде алты-жеті метрге дейін қарғып, кәдімгі  зымыран секілді зуу ете түседі. Қалың қарда да жылдам қимылдайды, қайраты да жойқын. Иесі менен басқа ешкімнен жасқанбайды. Пальмам тазының кіші түрі болғандықтан қоян мен түлкіге салуға қолайлы болды. Ал үлкен тазылар бұл аңдарға қолапайсыздау келеді. Оларды әуелде үлкендер қасқырға салатын. Пальмам көрген қоянын, түлкісін аттатпай, жетіп алады. Түлкі бөрік сән болған кезде көбіне түлкіден бөрік кигіздім. Түлкі қашқанда құйрығымен алдап қулық жасаса, қояндар да жалт бұрылып қашуға шебер. Алғашқы кезде қоянның мұндай  шалт қимылынан айрылып қалып жүрді. Кейін шалып қалуды үйреніп алды. Барғанымша талап тастайды. Бірақ қарсақты ұстау оңай емес. Тез қарқын алып қашады да, індеріне зып етеді. Оған екі-үш тазы қажет көрінеді. Бір қиындығы аңға мен жаяу шығатындығымнан тазымның артынан ілесіп отыру оңай болмайтын. Негізі аттылы адамға ыңғайлы. Қанында бар ғой, тазым жылқыны жақсы көреді. Жайылып жүрген жылқыларды көрсе қастарынан қалмайды.

 «Газопроводта» жұмыста жүрген кезімізде газдың желілерін тексеруге шығамыз. Бірінде ыстықтап кетіп, тазымды итсегек шөпке байлап, өзім каналға суға түсіп жатқанмын. Кенет тазым байлағынымды бұлқына  үзіп зуу ете түсті. Судан шығып артынан мен де жүгірдім. Әп дегеннен  бір киікті ұстап, астына басып алыпты. Киікті қолыма алып ұстай бергенім сол еді екіншісін қуып кетті. Олжамды орналастырып, қайта барсам, киік те тазым да екі жерде ырсылдап жатыр. Мені көріп киік сүріне-қабына қашады, тазым оны қуып домалайды. Екеуі де әбден болдырып қалыпты. Киікті жайына қалдырып, тазымды көтеріп алып келдім.

Тазым кейін қартайып, өлді. Иттің төресі еді. Жасым да үлкейіп қалғасын тазыны қайта ұстамадым. Оған үнемі аңға шығып еркіндік беріп, жүгіртіп тұру керек. Оны байлап ұстай алмайсың, -дейді Серік Дүйсебалиев.

 Аңшыға одан артығы жоқ

Кешегі тоқсаныншы жылдары тазысын мотоциклдің люлькасына отырғызып алып жүретін  кент тұрғыны Әділет Гумаровты талай көретінбіз.  Ол тазының еркегі мен ұрғашысын да күшік кезінен асырапты.

-Күшіктерімді кішкентайынан қырда қосаяқтарға салып баулыдым. Өсе келе қоянға салдым. Бірден түлкіге қоспай, иттермен төбелестірмедім. Өйткені, жастай қайтып қалса жасық болады дейді. Ол кезде шаруашылығым жоқ, аңға мотоциклмен  шығамын. Тазының ұрғашысы қырағы, айналаның бәрін бағдарлап отырады, бірінші болып байқайды. Ал еркегі жайбасарлау көрінгенімен бойшаң да   ірі және  батыл.  Аңды байқап қалса люлькіден секіріп түсіп, аспанға бір-екі қарғып аңның бағытын қарап алады да қуы жөнеледі...

Талай иттің түрін ұстадық. Бірақ тазыны ата-бабамыз бекерге қасиеттi санамаған ғой. Тазы – текті әрі  өте ақылды, бәрін сезеді. Онымен салыстырғанда  неміс овчаркалары «қолына су құя алмай қалады».  Аңшыға тазыдан артығы жоқ. Бірақ өзім кейін шаруашылық ашқасын, малмен алаңдадым, тазы ұстауды қойдым, – дейді Әділет Кенжеғалиұлы.

 Кезіктіргеніміз

жалғыз тазы

Бір кездері бабамыз үшін құнды болған  асыл тұқымды қазынамыздың елде саны мүлде азайып қалғанына дабыл қағылуда. Өзіміз де айнала сұрастыра жүріп, бүгінде Индерборда бір тұрғын ғана тазы ұстайтынына куә болдық. Ол - «Көктем» мөлтек ауданының Атырау көшесінің тұрғыны Дулат Садықов (төменгі суретте ұлы – Нұрсұлтан). Қашағанда вахталық әдіспен жұмыс жасайтын оның қасындағы жұмыстас жігіттері тазыға құмар көрінеді. Саятшылыққа толы қызықты әңгімелерге естіген ол да тазы ұстауды жөн көріпті. Тазының еркегі мен ұрғашысын кішкентай күшігінен алып, ауылға әкеліп асырапты.

-Өкінішке орай арнайы егетін дәрісін кешеуілдеу еккенімнен болар, ұрғашысы кішкентайында өліп қалды. Үш жылдан бері осы еркек тазыны асырап келемін. Өзіміздің малымыз бар. Арасында малды қарап, немесе  тазымды алып, атпенен қыр айналып қыдырып келемін. Тазым әншейінде атымның артында жүреді. Айналада аң бар екенін байқаса елең етіп алдыма түсіп,   қуып кетеді, қояндарды құтқармайды. Осы қыста тау жақтан бір түлкі көрінді. Қуып кетіп еді, түлкі ініне кіріп ұстатпады. Жақында  Алғабас-Жорық каналының маңынан  бір түлкіні соғып алды. Бұл тазыммен ұстаған алған алғашқы түлкім, -дейді Дулат Саматұлы.

Біз барған  дүйсенбі күні ақшақардың ызғары білініп тұрған. Жылы жерден шыққан тазысы дірдек қағып тоңып тұрғандай көрінді бізге. Бірақ аңға шыққанда тазысының жаны кіретінін айтады  Дулат Саматұлы. Сондай-ақ ол алдағы уақытта еркек тазысына серік болар ұрғашы тазы алғысы келеді. Бағасы да арзан емес екен, күшігіне 120 мың теңге сұрайтын көрінеді.

 Тазыдан қадір кеткен бе?

Аудан көлемінде  иттің небір түрін кездестіруге болады. Қазақы төбет, түркімен алабайы, неміс овчаркасы, орыстың борзаясы, ағылшынның булдогы және де небір  кішкентай шәуілдек кәндендер мен көз үйренген  иттің түрлері қаншама. Ал нағыз тазыны кезіктіргеніміз жалғыз ғана. Жоғарыдағы кейіпкеріміз Серіктің інісі Руслан Дүйсебалиев те әуесқой аңшы. Бірақ аңшылыққа тазыдан гөрі эспаньола атты шетелдік тұқымды қолайлы көреді. Неге тазы емес деймін, оған?

-Аңшылықта тазымен ешбір ит шендесе алмайды. Алайда қырдағы малшыларға болмаса, біз сияқты қалалықтарға тазы ұстау қиындау екен. Ол үшін тазының бабын жоғалтпай бірнеше шақырымдатып алып жүру керек. Атпен жүрсең тіптен ыңғайлы. Эспаньола  итім  атқан құсыңды қайда түссе де әкеліп береді.  Суға түссе сүңгіп әкеледі, балшыққа түссе, оған батып әкеледі. Қажет кезінде сыртқа байлап қоямын, аязға да шыдамды. Әзірге кент басында тұратын маған осы ит қолайлы, - дейді ол.

«Жарсуат» өндірістік кооперативінің шопаны Марат Тәженовтің айтуынша,  тазының  бабы өте күшті. Оған үлкен қызығушылық болмаса ұстау бекерлігін айтады.

-Оны  кәдуілгі ит сияқты кез келген уақытта апарып аңға сала беруге келмейді. Аңға шығарда арнайы жылқының құйрық қылын беріп құстыру қажет, үлкен күтімді, уақытты қажет етеді. Бұрын екі тазы асырадық, қоянды да түлкіні де алдық. Бірақ үнемі бабында ұстап отыруға мүмкіндігіміз болмады, - деді ол. 

Түйін

Қырды аралағанда байқайтынымыз,  малшылар қасқыр алатын иттің небір түрін ұстағанымен тазыларды көре алмайтынбыз. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сәулет Есетов те тазы ұстайтын қожалық иесін көрмегенін айтады. Ал аудандық ветеринариялық бөлімнің басшысы С.Оразғалиевтың айтуынша, ауданда ресми түрде тіркеліп тұрған тазы тұқымы жоқ....

Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан тазының бағасын соңғы кезде  түсіріп алғандаймыз. Дәстүрлі саятшылық та өнер, мәдени мұра. Еліміздің басқа өңірлерінде тазыны  асырап, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алып жатқан азаматтар бар. Бірақ біздің ауданда бұл іс қалыс қалғандай...

 

Саламат БАЗАРБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика