Бала – ата-ананың бауыр еті. Оның биіктен көрінгені ата-ананы қуа-нышқа бөлейді. Осындай болашағынан көп үміт күтіп жүрген балаларымның кенжесі Жанболат кішкене кезінен өнерге жақын.
Мектепке барғаннан бастап бастауышта да әртүрлі байқауларға үзбей қатысты. Бастауыш сыныптарда Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнімен аудандық концертте, өнер фестивалінде топ жарды. Биылғы жыл Жанболат үшін үлкен жетістіктер жылы болды. Ақпанда республикалық «Жайық сазы» фестивалінде «Мәртебелі ел» әнімен І орын алса, наурызда Атырау қаласында өткен ІҮ республикалық «Жадыра, жас дарын» фестиваль-конкурсында К.Ыбыраевтың «Қазақстаным менің» әнін орындап, орта топ вокал номинациясы бойынша ГРАН-ПРИ иеленді.
Ал күні кеше аудандық Қадыр оқуларының «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» бағамы бойынша І орынмен марапатталды.
«Қыран – түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз – шәкіртіне талмас талап сыйлайды» дегендей, баламды осы байқауларға дайындап, талантын ұштап жүрген ұстазы Бижамал Ерғанатқызы мен оның байқаулардан қалмай қатысуына жағдай жасап жатқан мектеп директоры Қоныс Жаналисовқа ризамын. Мектептің талапты да талантты шәкірттерін тәрбиелеуде жетістікке жете беріңіздер дегім келеді.
Әміржан ШӨРЕҒАЛИЕВ,
Жарсуат ауылы.