Шәкірттеріміз шыңнан көрінді

Атырау өңірі өнерінің өркендеуіне үлесін қосып, мәдениет саласында өзіндік орнын қалыптастырған талай өнер майталмандары болды. Солардың бірегейі – дәстүрлі ән өнерінің негізін қалап, жүйелі жолға салып кеткен, ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Атыраудың Айнамкөзі атанған Латифуллина Рая Шәріпқызы.

Ол 1992 жылы Атырау музыка колледжінде ұстаздық қызметке келіп, 1993 жылы Атырау музыка колледжінің халық аспаптар бөлімінің құрамынан «Халық әні» класын ашты. Өмірінің соңына дейін дәстүрлі ән өнерінің өсіп-өркендеуіне өте көп үлесін қосып, осы өнер ордасынан керемет талантты шәкірттер дайындап ұшырды. Бүгінде қара домбыраны жанына серік қылып, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген әр өнерпаздың Рая Шәріпқызын ерекше құрметтеп, ұлағатты ұстаз тұтуы тегін емес. Атырау өлкесінің дәстүрлі ән өнерінің дамуының ең биік шыңында тұрған Рая ұстазымыздың орны бөлек.

Жақында Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі ұстазымыздың 75 жылдығына орай өнер мектебі оқушылары арасында І облыстық «Жас өмір» атты дәстүрлі әншілер сайысын өткізді. Осы байқауға Рая Шәріпқызының ауданда қызмет етіп жатқан шәкірті ретінде мені әділқазылар алқасына мүше болуға шақырды. Әрине, қуана келістім. Сайыстың өту деңгейі, кәсібилігі өте жоғары болды. Байқау талаптары екі кезеңге бөлініп, күрделірек қойылған. Соған қарамастан облыс көлемінде 71 оқушы қатысып, бақтарын сынады.

Индер балалар мектебінен аудандық іріктеу жасалып, облыстық байқауға 7 оқушы өткізілген болатын. Олар, мектебіміздің жоғары санатты ұстазы Гүлбаршын Өрбісінқызының шәкірттері Атанияз Жанбота, Өрбісін Жанарыс, Гүлхан Нығметолла, Айдана Сисенбай, Бекнұр Бейімбетов, Кәусар Мұратжан және Айбибі Тұрақбай. Шәкірттеріміз өз өнерлерін тамаша көрсете білді. Әділ бағаланып орта топ бойынша Гүлхан Нығметолла мен жоғары топ бойынша Бекнұр Бейімбетов 1 орын иеленсе, Кәусар Мұратжан «Үміт» дипломын, Айбибі Тұрақбай «Мекес Төрешов атындағы» арнайы жүлдемен марапатталды.

Әділқазылар құрамында төрағалық еткен колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Сүндетқалиқызы оқушыларымыздың өнеріне тәнті болып, Бекнұр мен Гүлханды колледжде білім алуға шақырды.

Талантты шәкіртіміз Бекнұр Бейімбетов бұған дейін де 2022 жылы Атырау қаласында өткен Пахаман Бүркітбайұлы атындағы облыстық «Ақ сұңқар» атты дәстүрлі әншілер байқауында ерекше көзге түсіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Музыка» кафедрасына грантқа жолдама алған болатын. Осылайша облыс, Республика көлемінде аудан намысын қорғап, өнерлерімен оза шауып, бәйге алып жүрген шәкірттеріміз тағы да мектебіміздің атын оздырды.

Облысымыздың өнері мен мәдениетін дамытуда өзіндік дара жолын өшпестей етіп қалдырған, ұлағатымен үлгі болған Рая Шәріпқызына арнап алғаш ұйымдастырылған осынау кәсіби деңгейі жоғары байқауда өнерлерімен сүйсінткен шәкірттеріміз үшін біз де қуаныштымыз.

Өнер әлемінде алар орындары биік болсын!

Самал ӨМІРЗАҚ,

Индер балалар өнер мектебі дәстүрлі ән класының мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT