Киелі өнер құлындары Жыр алыбы Мұрат ақын елінде

Ауданда бірнеше жылдар бойына тұрақты өткізіліп келе жатқан оқушылар арасындағы айтысқа  осы жолы Маңғыстау, Ақтөбе, Орал және Атырау өңірлерінен талапкерлер қатысып, төл өнердің өрісін одан әрі кеңейтіп, мазмұнын байытып жіберді.

Биылғы айтыстың басты тақырыбы – Мұрат Мөңкеұлының туғанына-175, ауданның құрылғанына – 90 жыл және Астананың 20 жылдығы кеңінен ұлығыланды.

Тәуелсіздік жетістіктерін мадақтап, ұлт құндылығымыз-ақындық өнерді  насихаттау, дамыту, жас дарындыларды тауып, тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі сөз мерекесін аудан әкімі Серік Арыстан ашып, сахнаға шыққан 20 жас дарын мен қонақтарға қош келдіңіз айтып, қазылар алқасына әділдік, сайыскерлерге сәттілік  тілегін арнады.

Бұл ретте Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев төрағалық еткен, құрамында Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, танымал аудармашы Бекет Қарашин, халықаралық «Шабыт» сыйлығының иегері, дарынды ақын Әлия Дәулетбаева, айтыскерлер Саадат Нұрманов, Әбдіхан Есенғалиев, Мұрат Таласов, Талап Махметов бар қазылар алқасының  мысы оқушыларды  барынша сөз мәйегін теріп, құнарлысын дәп басып, көрермендердің көңілінен шығуға жігерлендіргені анық.

Негізінен қатысушылардың сөз өткірлігі, тапқырлығы, көркемдік деңгейі, уақытты тиімді пайдалануы, тақырыпты аша білуі, қарсыласына ұтымды жауап қайтару шеберлігі сарапқа түскен сайыста алымдылар да, орамды ойды айтпақ болғанда, қапелімде ауызға сөз түспей қысылғандар да кездесті. 

Қызылқоғалық  Асылхан Марат, өрліктік Махамбет Байжанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, «Көктем», Бөдене атындағы орта мектеп шәкірттері Бекзат Дүйсенов, Ермахан Алмашев, Ертай Кеңес, Айбат Сансызбаев, Нұрдәулет Зайыров, аққалалық Исламбек Төлегенов, оралдық Әділ Ахметов, ақтөбелік Нұрсерік Тәуекелов,  жылыойлық  Ерназ Ахметкәрімов, ақтаулық Ердәулет Сардаров алғашқы бөлімде аз балл жинаса да намысты қолдан бермеуімен көптің көңілінде қалды.

Айтыстағы сөзсүйер көпшіліктің  көңіліне бірден ілінген жай оқушылардың жас деңгейлер әрқилы, киім-киістері ұлттық нақышта болып, барлығы да домбыра ұстап шыққандарымен, әсіресе индерліктердің арасында ұлттық аспапты әлі жіті меңгермегендері басым көрінді. Ал Ақтөбе мен Маңғыстау, Оралдан келген қонақтар осы домбыра мен киімге ерекше мән беретіндерін байқатты.

Жалпы сегіз жыл бойы домбыраны игеру жайы айтылып келе жатса да нақты ізденіс көрінбеуі, әрине, өкінішті. Сол секілді оқушыларымыз да үлкен ағаларына ұқсағысы келгендері, тіпті кішіге тән емес кесек ойды айтуға талпынулары құптарлық, бірақ бірқатары үйреншікті әуен мен сөз қолданыстағы анайылыққа ұрынып қалып жатты. Оны қазылар алқасы да атап көрсетті. Сондай-ақ ойлантар жайт, Мұқағалиша айтқанда қыздардың айтыскерлер арасында болмауы көпшіліктің көзіне бірден шалынды.

Қашанда шын жүйрік осындай сайыста шашасына шаң жуытпайтыны рас қой. Біз атаған алғашқы сайыста-ақ дараланғандар арасында Ақтөбеден келген Айсұлтан Көпбергенов пен ақтаулық Алшын Сүйемов, қаратөбелік Райымбек Өтепов, есболдықтар Тілекқабыл Төлегенов, Бектас Төлеуғалиев, индерборлық Ақтілек Әлібекұлы, құрылыстық Баймұрат Кеңес және өткен жылғы айтыстың жеңімпазы Нұрасыл Иса бірден көзге ілініп, жоғары ұпайлар жинады.

Өздерін қолдаған қалың көпшіліктің делебесін қоздырып, маңдай терлеткен олар сайыстың екінші кезегінде де шаппа-шап айтысқа төселіп, ақындық жолдарына барынша адалдық танытып бақты. Соның арқасында қос айналымда да  «Көктем» қазақ орта мектебінің шәкірті Нұрасыл Иса әріптесінен озық болып 70 ұпай жинап, дара шықты.

Ол қарсыласын міней келе: «Мына жұрт керең екен деп қалмасын, Оқталған берен мылтық атылмай ма. Ақынға жүлде беріп тасытқанша, Қазылар   қозы беріп қатырмай ма?», десе, оның қарсыласы Райымбек жөпелдемде: «Жаныма Нұрасылдай келіпті ұлан, Мен дағы шабытыма сеніп тұрам. Әйтеуір мен айнаға қарағанда, Әп-әдемі жігітті көріп тұрам» деп қаралығына байланысты ұтымды жауап қатып, көпшілікті күлкіге көмді. Мұндай шаппа-шап сөзге жауап тауып құтылғандар да, жаттап келген сөзін жырлап, көлеңкесімен айтысып, ұтылғандар да айтыста аз болмады.

Сонымен 20 ақынның арасынан үшінші орынды М.Әуезов, М.Мөңкеұлы, Жамбыл  атындағы орта мектеп оқушылары Ақтілек Әлібекұлы, Баймұрат Кеңес, Тілекқабыл Төлеген, екіншіні-ақтөбелік Айсұлтан Көпбергенов, маңғыстаулық Алшын Сүйемов, бірінші орынды- қаратөбелік Райымбек Өтепов жеңіп алды. Ал аудан намысын қорғаған «Көктем» қазақ  орта мектебінің шәкірті Нұрасыл Иса бас жүлдені олжалады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, қатысушыларға арнайы байрақтар мен сертификаттар, жетекшілеріне аудан әкімінің Алғыс хаттарын аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров табыстап, баршаға ризашылығын білдірді.

Сонымен бірге Есбол орта мектебінен келген айтыскер Бектас Төлеуғалиевқа М.Мөңкеұлы атындағы сыйлық, ал Тілекқабыл Төлеген «Үздік айтыскер» танылып, арнайы ауыспалы кубокпен марапатталды.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT