Жаңа мәдениет үйінде «Сәт» тобының тамаша концерті өтті.
Еліміздің оңтүстік өңірінен келген топтың құрамындағы Сапар Алтыбай мен Азат Әбілдаев өнерлерімен индерлік көрермендерді бірден өздеріне баурап алды. «Еліміздің өркендеп келе жатқанын көзімізбен көрмесек те жүрегімізбен сезінеміз» дей келе, жас әншілер Қазақстанның 25 жылдығына арнаған «Қазақ Елі», Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевқа арнаған «Нұр-аға» әндерінен бастап орындады. «Ардагерлер маршы» әні Отан қорғаушыларға арналған патриоттық ән болса, «Өмірге ғашықпын» атты лирикалық туындысының да өзіндік мәні бар.
-«Жасымыздан жанарымыздан айрылдық. Бұл да бізге Алланың берген сынағы. Бірақ біз өмірден түңілмей қиындықпен күресе білуге тырыстық. «Өмірге ғашықпын» туындымыз осы мақсатқа арналған, - деді көпті өнерімен сүйсінткен әншілер.
Сонымен қатар, сахнада «Сен дегенде жүрегім пшна-пшна», «Жұмағым менің», «Қош махаббат», «Сезім», «Биле биле», «Өмірге ғашықпын» секілді әндердің көпшілігі өздерінің төл туындылары. Бірқатар әндерін бейнебаян арқылы шырқаса, Ш.Қалдаяқовтың, «Досмұхасан», «Музарт» топтарының репертуарындағы әндерді де нақышына келтіре орындады. Көрермендермен бірге әсем ән де шырқалды, би де биленіп, кеш көңілді де әсерлі өтті.
Саламат Б.