Туған жерге деген іңкәрлік, елге деген терең махаббатты ұлықтауға шақырған елбасының «Болашақа Бағдар: Руқани Жаңғыру» атты мақаласында көтерілген тақырып, Көктоғай округінің Индербор кетіндегі мәдени күнінде ерекше көрініс тапты.
Бұл патриоттық тәрбиеге деген көзқарасты нығайта түсуге арналған шара балабақша ауласында, мектеп партасында ғана емес, осылайша дүйім ел болып жиналып, Индерборда ауыл шаруашылығы өнімдерінің ашық аспан астындағы жәрмеңкесін ұйымдастырып, одан соң кешкісін үлкен концерттік бағдарламаға ұласуы арқылы айқындала түсті.
Көктоғайдағы көбіне-көп егін шаруашылығымен айналысатын Абат Қамешов басқаратын «Көктерек» шаруа қожалығының осы жылдарда жинаған табысы мен тәжірибесі де молырақ екенін ұдайы көрсетіп келеді.
Қожалық жәрмеңкеге алдымен келіп, өзінің 18 гектар жерінде өсірілген бау-бақша, көкөністерін кенттегі тұтынушыларға арзан бағаға ұсынуы басқаларға да үлгі боларлық қадам сияқты.
Одан соң «Алға-1», «Уәли-Ата», «Шаңырақты» қожалықтары келіп сауда-саттыққа кірісті. Бұл арада осы сауда орындарында бұрыннан тұрған «Асыл-Агро» ШҚ, «Есбол», «Весна», «Нұрниязова», «Шалхар» ШҚ-ның да бұл күні саудасы қыза түсті.
Әрине, бау-бақшадан жиналған өнімнің бағасы енді күз жақындаған сайын төмендей беретіні де аян. Сондықтан да қай сөре алдына келген тұтынушы болмасын арзанға болса да, барынша сапалы өнім алуға ұмтылуда.
- Жәрмеңкеге қой етін алып келіп едім, бірақ өтуі қиын екен,-деді бізге осы арада аудандық мәслихаттың депутаты, қожалық басшысы Ғилымғали Зәйдекенов өкінішін жасыра алмай.
Ал осы жәрмеңкенің түрлі баспа, әлеуметтік желіге шыққанымен, дәл осы жерде не болып жатқанын айқындап тұрған бір жарнаманың ойсыратып, мен-мұндалап тұрғанын аңғару қиын болмады. Бұл да шараны ұйымдастырушыларды ойлантар жайт екені сөзсіз.
Жалпы «Жеңіс» демалыс бағында осы жолы да дәстүрлі кеш ұйымдастырылатынына кент тұрғындары бой үйретіп алғандай ерте жинала бастады. Көктоғайлықтардың шағын көрмесіне қойылған Әмина Аменкелдинаның көрпелері мен мұғалім Нұрбек Әбдешовтің салған суреттеріне, Ерсайын Дүйсенғалиевтың ағаштан жасаған түрлі бұйымдарын да тездете қарап шығып жатты.
Атап көрсету керек, Көктоғай округі дайындаған концерттік бағдарлама мазмұндылығымен көрермендерге жылы әсер сыйлады. Аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып, осы шараны ұйымдастырушылар мен қатынасушыларына игі тілегін жолдаған соң басталған бағдарламада Астананың 20 жылдығына, Дендерге арналған ән-жырлар ерекше асқақ естілді.
Ұлт-аспаптар ансамблі А.Мусағалиевтың «Салтанат» және Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін орындаған соң, өнерпаз Бибінұр Қайыржанова Т.Мұхамеджановтың «Астана кеші», П.Ермишовтің «Туған жер», Әлия Кенжахметова «Жайна, Астана» Равиль Өтебаев «Жаса, Қазақстан», квартет «Астана вальсі», трио шығарған «Ризамын елім саған», «Туған елім», «Қазақстан бақыты», «Мерекем», тағы басқалары осы ойымыздың дәлелі бола алады.
Қуаныштан қалай кеуде кермесін,
Бұл күнімді бір ғасырға бермесін.
Ақ түйенің қарны бүгін жарылды,
Тәуелсізбін, егеменмін, дербеспін,-деп бағдарламаны көркемсөзбен өріп тұрған жүргізушілердің өр үндері де түнгі кент аспанында қалықтады. Ал одан соң бірнеше ауылдық жас өнерпаздар ортаға шығып, Астана, Қазақстан, туған жер, Дендерге арналған сырға толы жыр жолдарын көркемдей оқып, зор ықыласқа бөленді.
Тағы бір атап өтер үрдіс, осы бағдарламада өмірден қыршын кеткен жерлес ақын Табылды Досымовтың туған жер мен ел тақырыбындағы сыршыл да сұлу өлеңдері зор сүйіспеншілікпен орындалды.
Оны ауыл жасы Жеткіншек Бакешов «Сәйгүлік» әнімен бастаса, Сағия Балтабайқызы «Тәтті мұң», дуэт «Дендерім байтақ мекенім» әндерімен жалғап әкетті. Ал «Әсем-ай» бишілер тобының (жетекшісі Шолпан Ибрагимова) «Сырғалы жеңгей», орыстың «Калинкасын» тіпті құлпыртты.
Концерттік бағдарламаға көз тіккен көп көрерменді дуылдап жатқан арқан тартыс, үстел теннисі, кір тасы мен қой көтеру жарыстары да еріксіз елеңдетті. Ондағы тартыс қазаны бәсең болмағанын соңында округ әкімі Мәмбетқали Құсайынов қорытындылағанда да ерекше атады.
Сөйтіп, арқан тартуда-Көктоғай, Индербор округі, барлаушы, кір тасын көтеруде Н.Бисенғалиев, Б.Камалов, М.Әзіғұлов үздік болса, қойды индерлік Руслан Дүйсебалиев алып кетті.
Өйткені, қойды иыққа салып, 90 рет көтеріп, алдына жан салмады. Сайып келгенде қос ауыл Көктоғай мен Индерборды табыстырып әрі сайыстырған қызықты күннің нүктесі аспанға атылған отшашумен қойылса да оның қызығы біразға дейін басылмады.
С.ХАЛЫҚОВ.
Суреттер автордікі.