«Менің елім– бақыт бесігі» тақырыбындағы аудандық көркемөнерпаздар байқауын «Көктем» қазақ орта мектебі ұжымы жалғады.
Жаңа мәдениет үйінің дәлізін мектеп мұғалімі Ғизат Сейітқалиевтың қолөнер бұйымдарымен сәнделген көрме көрермендерге өзгеше әсер сыйлады. Ал дәстүрлі фестиваль шымылдығы «Аққу» биі және мұғалім Римма Шаукирова орындаған халықтың «Бүлдірген» әнімен түрілді. Байқаудың жоспарына сай жерлес ақын Қойшығұл Жылқышиевтың «Дендертас – Қыз әулие шашуы» аңызынан көрініс қойылды.
Мектеп концертті одан әрі Б.Қиясова, А.Ұзақбаева, З.Аманғалиева триосы жалғастырып, Б.Тәжібаевтың «Туған жер», қыздар ансамблі «Астана кеші», Т.Нұрмағамбетов пен Р.Шаукирова шырқаған «Қазақстан – ұлы Отаным-ай» әні сахнаның сәнін келтірді.
Ал Самал Қалмұханова К.Салықовтың «Астана» өлеңін үлкен тебіреніспен оқығанда көпшілік қошеметін аямады. Сондай-ақ Дендер топырағынан түлеп ұшқан, туған жерді әсем жырмен өрнектеген ақындар секілді Алтынай Ғарифуллинаның да қаламынан туған туындысы көрермендердің жүрегінен ойып тұрып орын алды.
Кейін жігіттер тобы Т.Досымовтың «Мен – қазақпын», әжелер ансамблі «Индер күмбезі» әндерінен шашу шашса, бишілер мың бұрала биледі. Фестиваль мектеп ұжымынан құралған хордың «Туған ел» және «Жерім менің» әнін нақышына келтіре орындауымен аяқталды. Міне, кәсіби өнер иелері болмаса да өздерін тағы бір қырынан таныта түскен ұжым осылайша аудан орталығы халқына әдемі кеш сыйлады.
Концертті қорытындылаған алқа төрағасы Ж.Тілепқалиева ұжым өнерінің ерекшеленген тұстарын сөз етіп, дайындықтыңжоғары деңгейде екендігін мәлімдеді.
Д.АЙБАР.