Индер аудандық музейінде Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы», Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, өлкетанушы Мақсот Құмарұлы Жолжановтың «Дала академигі» кітабының таныстырылым шарасы өткізілді.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша елі, жері үшін аянбай еңбек еткен біртуар тұлғаларды кеңінен насихаттау бағытында Атырау облысы тарих- өлкетану музейінің қорындағы материалдарын жинақтап, Атырау облысы әкімдігі, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жерлес ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектері еңгізілген «Дала академигі» кітабы жарыққа шығып отыр.
Оқырман осы кітап арқылы үш бірдей ғылым саласы қамтылған (тіл, тарих, жағрапия), бұрын-соңды еш жерде кездеспеген тың деректермен, жаңа тұжырымдармен таныса алады. Кітап 1. Туған өлке тарихының ғылыми зерттелуі; 2. Тарихи және әдеби атаулар мәні; 3. Топонимика әлемінің құпия сырлары; 4. Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы; 5. Выписки продолжаются... деген 5 бөлімнен тұрады. Кітаптың басты құндылығы жазушының ғылыми тұрғыда нақты дәлелденген жайттарды ғана қаламына арқау еткендігі.
Кеш қонақтары Қазақстанның Құрметті журналисті, Индер ауданының Құрметті азаматы Ерсайын Көшекұлы және Индер ауданының ардагерлер алқасының төрағасы Өтеп Қасибаұлы, 2009-2010 жылдары музейде басшылық еткен Индер ауданының Құрметті азаматы Самиғолла Ғалымұлы өздерінің жүрекжарды жылы тілектерін айтты.
Сондай-ақ, Мақсот Құмарұлының өмір жолы мен әртүрлі салалардағы сан қилы еңбегі таныстырылып, жас ұрпаққа ұмытпау парыз екендігін жеткізді.
Шара соңында өнер мектебінің оқушысы Шахриза Қайырғали «Мереке», «Жібек Жетісу» күйлерімен көрермен ықыласына бөленді.
Тоғжан САЙЫН