Ақыннан ұят, айтыстан қадір кетіп барады

Жақында аудандық мәдениет үйінде Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен махамбеттік Серік Қойшығұлов пен жерлесіміз Жәнібек Садыров арасында жекпе-жек айтыс өтті.

Таныстыру, өтірік, түре, жұмбақ және қайым айтыс сынды бес бөлімнен тұратын сөз сайысын Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалы директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиев ашып жүргізіп, шараның негізгі мақсатын түсіндірді.

Одан әрі дүбірлі дода басталып, алғаш боп Жәнібек осы топырақтан шыққан текті ұлдарды тізбектей келе, оларға бас иетінін және ауданда жасалып жатырған игі істерге тоқталды. Сосын қасындағы қонағын әзілімен қағытып, көлікті дұрыс жүргізе алмайтынын сөзіне арқау етіп, «Халайық, сақ болыңыз, ауылға бір шала шөпір кеп қалды» деп бастады.

ajtys2

Ал, Серік те сөз орайын тауып, ауданда көліктің мал қағу оқиғасы жиілеп кеткендігін назарға салып, «Ауылдарында мал бағатын адам жоқ па?» деп өзіне сұраулы сөз қайтарды. Сонымен қатар Қаройдағы Махамбет бабасының басына орайы келіп бірінші рет барып тұрғанын айта келе, жолының қолайсыздығын жеткізді. Жәнібектің «Махамбеттің бойы 168 см болған» дегеніне Серік «Негізі оның бойы метр тоқсан, Тарланды шатастырма есекпенен» деп теңеулете келе: «Біздің бассыз ғалымдар Махамбеттің, Денесіне басын қоспай есептеген» деп бір-ақ қойды.

Осы жерде Махамбетті 1841 жылы тұтқындап, 17 наурызда Орынбордағы Орданосгауз түрмесінде жатқанда батырдың түр-түсін, ерекше белгілерін анықтап, бойының 168,7 см екенін қағазға түсіргені еске түсті. Мұны неге өзгеше жорамалдайды екенбіз. Оның үстіне: «Біздің бассыз ғалымдар» деп батырдың денесін анықтап, зерттеп, тарихтан өз бағасын алып берген әйгілі антрополог-ғалым Н.Шаяхметов сынды тұлғаларға тіл тигізуі қателік емес пе деп қалдық. Тіпті, батырдың басында не шаруалары бар еді?!

Содан әрі қарсыласының жұмыссыздығын бетіне басып:

«Бұл Жәкең қарап тұрсам бұрыш тақтай,

Тағдырын болмайды екен дұрыстатпай.

Ердің бәрі қызмет етіп жатса,

Бұл бала әлі жүр ғой жұмыс таппай.

Отбасында бола ма ер беделі,

Бала-шағасына ырыс таппай.

Жеңіл жолмен тойлардан ақша тауып,

Балалықтың жүр ме екен буы ұстатпай», - дегеніне:

«Екі қолға бір күрек таппай жүргенім жоқ,

Халықтың қазынасы таусылмасын», - деп қайырды жарсуаттық Жәнібек ақын.

Осы жолдардан қандай көркемдік, тіл шұрайлылығы, тапқырлықты көресіз?!

Жіліктің майын тамыза көсілетін Жәнібектің де дайындығы кем екені көрініп тұрды. Себебі ол: «Бос жатпай бала санын көбейт» деген інісінің қағытпасына «Қаншама он балалы аналар жүр, көрген жоқпын баспанаға жарығанын» деп қайырды. Алайда ұрпақтан асқан бақыт жоқ, әр баланың өз несібесі бар екенін ұғынбай бара  жатқандаймыз. 

z

«Әкеңе арқа сүйейсің» деп Серіктің тегіне тиісіп «жеңіліп бара жатсаң Серік інім, Әкеңе қарайтын қағидаң ғой. Қой бағып, қоныс теуіп кетер едің, асырап жүрген сені фамилияң ғой» дей келе, «Қойшекең сіздің үйге барған кезде, әжеңіз кіргізіпті бөлмесіне» немесе «осыдан шығып ауылыңа барысымен, Иіскесейші әжеңіздің бөлмесін бір» деген сөздерден не түюге болады?!

Оның үстіне бұрынғы айтысты қайталау, мағынасыз сөздер, өз-өздерін мақтау, алақан жайғандай шапалақ сұрау бүгінгі айтыстарда үрдіске айналды. Сондықтан да болар көрермендердің алды біртіндеп тарай бастады. 

- Жәнібек пен Серіктің "Жекпе-жегінің" түре айтысын ғана көріп, келесі бөлімін қарауға құмартпай шығып кетуіме осы айтыстағы оралымсыз ойлар мен жұтаңдау болған сөздер себеп болды. Екі ақын да мүмкіндігі өте жоғары деп есептейтін айтыскерлер еді. Махамбеттің ақындығы мен ерлігінен гөрі оның кесілген басын ежіктеу, алған байрақтары айыппұлдарын төлеуге жететіндіктен қиналмайтындары кімге өнеге. Айтыста ақыннан елдің күтетіні жай күнделікті қолданыстағы сөздерден гөрі көркемдегіш құралмен көмкерілген кестелі сөздерді ұтқыр қолдануы ғой, - дейді әдебиетші Роза Дәулетова.

Бұрындары билет құнына қарамастан залда ине шаншар жер болмайтын. Өйткені, айтыстың қадірі болатын, халық ақынын, ақыны өнерсүйер қауымға иіліп келетін. Ал қазір ше?!

Мысалы, Есет би Мұрат ақынды баули жүріп, ел, жер тарихын толық меңгертіп, оның қарсыластары жөнінде мәлімет жинап, жақсысын насихаттап, ал осал тұсына келгенде ойсырата сынамай ма? Міне, бұл үрдістің кешегі екі ақын шаңына ілесе алды ма? Екі ауданның жетістіктері мен кемшіліктерін тізіп, алма-кезек айтыс жасай алды ма? Айтуға қиын, әрине. Осыған дейін де жекпе-жек айтыс өтіп, ақындардың біраз терлегені белгілі. Сондықтан да түгел айтысты жоққа шығарудан аулақпыз. Біздегі ой- халықтың қасиетті қазынасына қол сұғылмасын, ақыннан ұят, айтыстан қадір кетпесін дегендік қана...

akim

Ал сайысқа әнші Е.Әубәкіров пен Махамбет аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрғали Аруев бақылау жасаса, айтыскер ақын М.Талас, «Талант» қоғамдық қорының директоры Ә.Есенғалиев және исатайлық ақын С.Панабердиевтің және көпшіліктің дауыс беру нәтижесімен екі ақынға тең баға беріліп, 250 мың теңгеден сыйақы ұсынылды.

Ж.АМАНТУРЛИН

 

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21