Атырау облыстық онкологиялық диспансерінде жаңа медициналық құрылғылар іске қосылды

Науқастарға қолайлы жағдай жасап, олардың уақытылы ем алуы үшін облыстық онкология диспансерінде заманауи медициналық жабдықтар пайдалануға берілді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Емдеу мекемесіне көпфункциялы 20 медициналық кресло сатып алынған. Бұл құрылғылар ұзақ уақытты қажет ететін химиотерапия, қан алу, қан құю сияқты ем-шаралар кезінде пациенттерге жайлылық сыйлайды. Әр креслоның қалпын пациент өз ыңғайына қарай реттей алады. Емделу барысында кітап не газет оқуға, тынығуға мүмкіндік бар.

— Бұл жаңашылдық науқастардың психологиялық және физикалық жағдайын жақсартып, ем-дом шаралары кезінде оларға жайлылық береді. Бүгінде диспансердің эндоскопия бөлімі де толық жаңғыртылып, заманауи жабдықтар сатып алынды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі жаңа эндоскопиялық құрылғы орнатылды. Енді тұрғындар ФГДС (гастроскопия) пен колоноскопия секілді маңызды зерттеулерден өте алады,- деді диспансер директоры Эльмира Сапарова.

Жаңа кешен құрамында OLYMPUS CV-1500 бейнеақпараттық орталығы, GIF-H185 гастробейнеэндоскоп құрылғысы, BF-H 190 бронхоэндоскоп және CF-H 185 L колоноскоп аппараты бар.

Сондай-ақ эндоскопия бөлімінде Endocab Plus залалсыздандыру құрылғысы іске қосылды. Ол эндоскопиялық құралдарды автоматты түрде жуып, залалсыздандырып, кептіріп, кварцтау арқылы қауіпсіз сақтау процесін қамтамасыз етеді. Бұл инфекция жұқтыру қаупін азайтып, санитариялық талаптардың орындалуын күшейтеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT