Бас қолбасшымен кездесті

Өткен аптада Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес өткізіп, ардагерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаған болатын.

– Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс, – деген ол Қарулы Күштеріміз мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау қасиетті парыз екенін атап өтті.

Осы жиынға индерлік оқушылар да қатысып қайтты.

Дәлірек айтқанда, әскери-патриоттық бағыттағы аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары М.Әуезов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Қайырлы Саясат, 10 сынып оқушысы Гүлсезім Әділ, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Нұрмұхамед Қабышев осы шараның делегаты болды.

Қайырлы мен Гүлсезім М.Әуезов атындағы «Семсер» әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушілері. Олар өткен жылы Алматыда өткен «ІІ Қалқан» қысқы әскери-қолданбалы спартакиададан ІІ орын алған. Ал, Нұрмұхамед Ш.Уәлиханов атындағы «Жас мерген» әскери-патриоттық клубтың мүшесі, өткен жылы «Айбын» әскери-патриоттық клубына қатысқан.

– Президентпен өткен кездесуден ерекше әсер алдым. Ол жерде біз секілді жан-жақтан жас сарбаздар және курсанттар, ардагерлер болды. Біз Атырау облысынан 16 бала болып бардық. Бұл мен үшін де, басқа да оқушылар үшін де үлкен жетістік. Бізге арналған оркестрмен сүйемелденген әскери концерт қойылды. Президентіміз айтқан тапсырмаларды, ақылын алдағы өмірімізде есте сақтап, ел үшін еңбек ететін боламын, - дейді Гүлсезім Әлібекқызы.

Шара соңында оқушыларымыз «Бүкілармиялық кеңестің қатысушысы» төсбелгісімен марапатталды.

Осы орайда оқушыларды әскери өмірге дайындап, тәрбиелеген жетекшілері Саламат Әжіғалиев пен Жұбандық Бағыттың еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521