2025 жылдың 11 айында Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті

2025 жылғы 17 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан экономикасының даму қарқыны туралы баяндады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, биылғы жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсім 8,3 пайызға жетіп, қызмет көрсету саласындағы өсімнен (5,3 пайыз) жоғары болды. "Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері – көлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда көлемі 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өсті. Экономиканың өсуіне инвестициялар да ықпал етуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3 пайызға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8 пайызға өсті", – деді ол. Инвестициялардың ең жоғары өсімі болашақтағы сапалы экономикалық өсімнің негізін қалыптастыратын салаларда байқалды. Атап айтқанда, қаржы қызметі саласында инвестициялар 82,8 пайызға, электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен қамтамасыз ету саласында 57,9 пайызға, білім беру саласында 31,6 пайызға, ақпарат және байланыс саласында 24,5 пайызға, ауыл шаруашылығында 24,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 20,7 пайызға, көлік саласында 13,3 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,9 пайызға артты. Бұл өсім, негізінен, машина жасау саласындағы өндірістің 11,6 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT