Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжаты дайындалып жатқанын атап өтті. Құжат іскерлік белсенділікке және шағын кәсіпкерлікті дамыту құралы болуы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру шараларын, сондай-ақ қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды қолдауды қамтитын құжатты сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн.
Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет.
Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы жобаларға баса көңіл бөлу керек»,
— деп атап өтті Премьер-Министр.


