Аудан орталығында FTTH желісін монтаждау және іске қосу жұмыстары басталды.
«Қазақтелеком» АҚ Индер желілік-техникалық учаске бастығы Ринат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, орталық автоматты телефон стансасына OLT жабдығы орнатылып, штаттық режимде сәтті іске қосылды. Оптикалық желіні тарату мақсатында орталық стансадан жер асты байланыс кәріз құдықтары арқылы 2 км сыйымдылығы әр түрлі оптикалық кабель тартылған.
– Алдағы уақытта «Көктем» мөлтек ауданынан жаңадан салынған 11 учаскеге дейін желінің құрылыс жұмыстары басталады. Бұл өз алдына GPON технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернет қызметін ұсыну мүмкіндігіне ие,- дейді ол.
Айта кетейік, ауданда шамамен 5369 телефон нүктесі бар, оның 2465-і Индербор кентінде орналасқан. Компанияның алдағы уақыттағы мақсаты біртіндеп мыс желілерін пайдаланудан шығару және LTE, CDMA және радио байланыс технологиялары арқылы сымсыз байланысты дамыту.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ